АУЫЛДАРДА ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ДЕҢГЕЙІ ӨСКЕН

Қазақстанда осы жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыз жүрген халықтың саны 451,3 мың адамға жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға көп. Бұл туралы сарапшылардың зерттеуін Finprom жазады.

Жұмыссыз жүрген адамдардың саны жағынан ең көп өңірлердің «антирейтинг» тізімінде Алматы қаласы бірінші (53,2), Алматы облысы екінші (49,1), Түркістан облысы үшінші (42,6) орында. Одан кейінгі орында 33,9 мың адаммен Шығыс Қазақстан облысы, 29,9 мың тұрғынмен Қарағанды облысы тұр. Ал Нұр-Сұлтанда-28,0, Жамбылда -25,8, Қостанайда -24,2, Шымкентте -22,2, Ақтөбеде-21,0 мың жұмыссыз жан бар.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл бірінші тоқсанда Алматы қаласы, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жұмыссыздық деңгейі өскен. Сарапшылар әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі ерлерге қарағанда жоғары екенін алға тартады. Сонымен қатар мамандар 2021 жылдың бірінші тоқсанында қалалық және ауылдық жерлердегі тұрғындар арасында жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен теңескенін мәлімдейді. Есепті кезеңдегі жұмыссыздық деңгейі бойынша қалалық жерлерде көрсеткіш былтырмен салыстырғанда өзгермегенмен, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш өсе түскен.

«Уақыт».