ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА АТШАБАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
ал, оны BI Group компаниясы неге өз есебінен салып жатыр?
Келер жылдың наурыз айында Шымкентте ат спортынан халықаралық турнир өткізу жоспарланған. Аталған шара сол кезде енді ғана пайдалануға берілген су жаңа атшабарда өткізіледі.
Жаңа атшабар құрылысының қарқынын көрсетіп, оның келешектегі келбетін жұртшылылыққа таныстыру мақсатында ұйымдастырылған арнайы баспасөз туры кезінде BI Group компаниясының Шымкент қаласындағы өкілі Айдын Жәкежанов осылай деді.
Ауқымды жоба құрылысының басталғанын көруге Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары Нұрғазы
Бұқарбаев, Шыңғыс Қозыбақов, Талғат Балтабаев, «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әлімхан Әбжанов пен БАҚ өкілдері қатысты.
Шымкенттегі «Бозарық-3» тұрғын алабындағы төңірекке түсейін деп отырған атшабар үшін 39 гектар жер телімі бөлінген.
Жаңа нысанда 16 мың шаршы метрлік көкпар алаңы, 7 200 шаршы метрлік конкур алаңы, ұзындығы 2 мың метрлік бәйге жолағы қарастырылады. Бұдан бөлек жаңа атшабар аумағында 4200 шаршы метрді құрайтын нысандар бой көтереді. Олар қысқы, жазғы ат қоралар, ветенарлық блок пен 1500 орындық жабық трибуна болып табылады. Жабық мінбердің бірінші қабатында жалпы алаң, асхана мен спортшылардың демалыс орны, екінші қабатында әкімшілік блок, үшінші қабатында әділқазылар алаңы болады. Жабық мінберде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы орындар мен жеделсаты жұмыс істейді. Сонымен қатар жаңа атшабар жобасында құрама жемге арналған қоймалар мен сыйымдылығы 310 көлікті құрайтын автотұрақ салу жоспарланған.
Баспасөз туры кезінде Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұхарбай жаңа атшабар құрылысының сапасын бақылайтын топтың құрамына белсенді азаматтарды қосуды айтты. Депутаттың бұл ұсынысын жобаны жүзеге асыратын BI Group компаниясының өкілі екі сөзге келместен қолдай кетті.
Жаңа атшабардың құрылыс жұмыстарына 10-ға жуық жергілікті компаниялардан 200-ге жуық адам тартылатын болады.
Айтпақшы, бұл жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен бір тиын да бөлінбейді. Нысанның құрылысын бастан-аяқ BI Group компаниясы өз қаражаты есебінен әлеуметті жоба ретінде жүзеге асырмақшы. Компания жаңа атшабардың құрылысын 2022 жылдың наурызында толық аяқтап, оны қалаға салтанатты жағдайда табыс етеміз деп сендіріп отыр.
Жоғарыда атап өткендей, бұл жобаның жүзеге асу шығынын соңғы тиынына дейін BI Group компаниясы көтермекші. Ал аталған алпауыт компания жаңа ипподромды неге өз қаражаты есебінен жүргізбекші?
Естеріңізде болса, былтыр қыркүйекте Шымкенттегі қазіргі ипподромның орнына тұрғын үйлер салынатыны туралы ақпаратқа жұрттың пікірі бір жерден шықпаған еді. Бірі дендробақ пен «Жайлаукөл» демалыс аймағы, Наурыз алаңы мен Этноауыл жанындағы қазіргі атшабар орнына тұрғын үй салу сәулет ережелеріне сәйкес емес екенін алға тартса, келесі бір жақ мұны инвестиция түсіп, қаланың ажары аша түсетін сәтті жоба деп есептеді. Жасарытыны жоқ екінші пікірді қолдап, қуаттағандардың басым көпшілігі биліктің бишігін ұстаған, ақжағалылар болды.
Сол кезде Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі BI Group компаниясы бұл жобаны жүзеге асыру үшін қалаға 135 млрд. теңге инвестиция құятынын да мәлімдеген. Сонымен қатар қазіргі атшабардың республикалық, халықаралық турнирлер өткізу талабына сай емес екенін, оны көшіріп, қала сыртынан жаңасын салу әлдеқайда ұтымды шешім екені де айтылған. Қазіргі атшабарды қала сыртына көшіру туралы ұсынысты біраз адам құптаған. Оның ішінде сала мамандары да бар. Бірақ дәл қазіргі атшабар орнына тұрғын үй кешенін салу немесе салмауға қатысты мәселе көптің талқысына түсіп барып, шешілуі керектігін жасырмаған. Рекреациялық орын (қазіргі атшабар орны) болып табылатын төңірекке тұрғын үй кешенін салу туралы мәселеге сол кездеге қала әкімінің орынбасары Бауыржан Мамытәлиев «Бұл жоба бойынша қоғамдық тыңдау өткізіледі. Сол кезде азаматтардың көпшілігі жобаны қолдамаса ол жүзеге аспайды. Егер жаңа әкімшілік-тұрғын үй кешенінің жобасы мақұлданса, ипподромды BI Group өз қаражатына салып береді», -деген.
Біраз уақыттан соң, дәлірегі 2021 жылдың қаңтар айында қазіргі ипподром орнына тұрғын үй кешенін салу жобасына қатысты қоғамдық тыңдау өткізілетіні хабарланды. Ағымдағы жылдың 19-ақпанында өткізілген қоғамдық тыңдау ZOOM платформасы арқылы өткізілді. Бірақ оның нәтижесі ақпарат құралдарына ұсынылмады.
Дәл осы атшабар орнына тұрғын үй кешені салу туралы мәселе қызу талқыға түсіп жатқан кезде қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан да түпкілікті шешім шықпағанын, қоғамның пікірі ескерілетінін, десе де BI Group компаниясы қазіргі атшабар орнына тұрғын үй кешенін салу тұжырымдамасын ұсынған кезде қала әкімі Мұрат Әйтеновтың «4 млрд теңге болатын жаңа ипподромды салып беруге келі¬сесіздер ме?», деген талабына келісіп отырғанын айтып, жұртты сабырға шақырған болатын.
Енді жаңа атшабар құрылысы қарқынды басталып отырғанына жұрттың бәрін куәландырып отырған билік, ескі атшабар орнына тұрғын үй кешені салынатын немесе салынбайтыны туралы нақтылы мәлімдеме жасамай отыр. Алайда жоғарыда келтірілген Бауыржан Мамыталиев пен Шыңғыс Мұқанның сөздерін таразыға салсақ, BI Group компаниясы құны 4 млрд. теңге болатын жаңа атшабардың құрылысын қайырым үшін емес, белгілі бір келісім арқылы салып отырғанын түсіну қиын емес сияқты…
А.САТЫБАЛДЫ.