ШАРУАЛАР НЕГЕ ОР ҚАЗЫП ЖҮР?
Соңғы кездері түркістандық шаруалардың жалға алған жерлерін заңсыз қазып, қоршау жасауы жануарлар мен мақұлықтарға зардабын тигізуде. Бұл қолданыстағы заң талаптарына да қарсы тірлік.
Мәселен, жуырда Шардара мен Сарыағаш аудандарының арасындағы тоған жерлерді жалға алған фермерлер терең жасанды траншеялар жасаған. Оған бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділер түсіп, қырыла бастаған. Мұны Қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының (ҚБСҚ) сарапшылары байқап, дабыл қаққан. Сөйтіп ағымдағы жылдың 20-мамырында «SOS Джейран» жобасы бойынша ҚБСҚ экспедициясына қатысатын сарапшылар тобы мониторинг барысында тереңдігі екі метрге дейін қазылған траншеялардан 200 жүзден астам бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділердің қалып қойғанын, олардың арасында ортаазиялық тасбақалар басым болғанына көз жеткізген. Содан соң олар Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановпен хабарласып, 21 мамыр күні Сарыағаш ауданы әкімдігі қызметкерлерінің оқиға орнына шығуын ұйымдастырған. Сарапшылар қазылған траншеялар жануарлар үшін қауіпті тұзақ екенін, ол жерге түскен жануарлар мен мақұлықтар қызып кетуден және дегидратациядан (сусыздану) қайтыс болып, қалғандары да адамның көмегенсіз қалғандықтан өлімге ұшырайтынын ескертеді.
Жалпы заң бойынша траншея қазған жер пайдаланушыларына Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 140-бабының талаптарын бұзып, яғни, жерді заңсыз бүлдіріп, жердің құнарлы қабатын бұзып, сыдырып алып қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін оларды жабу туралы бұйрық берулімен қатар, айыппұл салынады.
Түркістан облысының жер инспекциясы басқарма басшысының міндетін атқарушы Алтынбек Мырзаев жерді Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 337-бабына сәйкес, қоршаған ортаға келтірген зиян сомасы мөлшерінде айыппұл салынып, жерлері сот арқылы мәжбүрлеп мемлекетке қайтарылатынын айтады.
Дегенмен де, бұл мәселеге қатысты жәйт облыста әлі біраз көтерілетін сияқты. Себебі, фермерлер көптеген қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың, соның ішінде қорғалатындардың заңсыз жойылуына әкеп соқтыратын алқаптарды қоршаудың мұндай тәжірибесі аймақта кең таралғанын айтады.
Бұл сөз ақиқаттың ауылынан алыс емес. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәлімдеуінше Түркістан облысында жер телімінің шекарасына заңсыз ор қазып қоршаған жалпы аумағы 41 876,5 гектар 139 жер телімі анықталған. Ал анықталмағандары қаншама… Осылайша жалға алған жерлеріне адам табаны былай тұрсын, тіршілікте өз тіршілігін жасап жүрген бауырымен жорғаушылар мен қосмекенділердің жүруіне жол бергісі келмеген шаруалардың пейілдерінің кесірінен айналада биоалуантүрлілік сақталмай отыр.
Қ.ҚАЛИЕВ.