ШЫМКЕНТТЕ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ АЙРЫҚША АТАЛЫП ӨТЕДІ

Қоғамға белгілі Зейнеп Ахметова өзінің бір туындысында тұсаукесер салтының қасиеті мен көптің бата тілегі тірі жетім сәбилерге қалай дарып, жолы ашылатынын айта келе, оған өзі куә болған бір оқиғаны баяндай кеткен.

Яғни, қазақтың біртуар ұлы, батыр азамат Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың бастамасымен 1998 жылы 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күнінде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы сәбилер үйіндегі алдын ала іріктеліп алынған, аяғын жаңадан тәй-тәй баса бастаған ұл-қызы аралас 17 баланың тұсауы кесілген. Балалардың тұсауын кесіп, өкіл әке, өкіл шеше болатын адамдар алдын ала дайындалған. Мұндағы мақсат кейін өздері тұсауын кескен өкіл баласын іздеп-сұрап, қарайласып,мейірім танытатын, білікті саналы кісілерді тағайындау болыпты. Бұл игі шара туралы алдын ала мерзімді басылымдар арқылы хабарланып, жұртшылық тойға шақырылған. Игі шараға халық көп жиналған. Жиырма алты ұлттың өкілі тұратын аудан болған соң түрлі-түрлі ұлттың адамдары келіп, қатысқан. Әркім өзінің баласының тұсауын кескелі жатқандай өте көңілді, аса ықыласты болып тойды көтерген. Шараға келген ұйым, кәсіпорын өкілдері мен жеке адамдар құр қол келмеген. Той болатыны туралы хабар таратылғаннан бастап, құрылысшылар сәбилер үйіне келіп ғимараттың іші сыртын сырлап, жөндеп берген. Сол кездегі облыс әкімі болған Заманбек Нұрқаділов өзі бастап тойға келіп, әкімшілік атынан сәбилер үйіне жеңіл автобус тарту еткен. Бір баланың тұсауын кесіп, өкіл әке атанған. Ақ сақалды аталар мен ақ самайлы әжелер жүректерінен шымырлап шыққан ақ баталарын арнап, Зейнеп Ахметованың тілек тілей отырып ескен он жеті ала жібімен сәбилердің тұсауы кесілген. Шашу шашылып, тұсаукесер жыры айтылған. Осы шарадан соң екі жылға жетпейтін уақыт ішінде сол тұсауы кесілген 17 бүлдіршіннің түгелі ата-аналы болған. Барлығын қазақ отбасылар асырап алған. Бұрын-соңды мұндай тұсаукесер тойы өтпеген соң, ақпарат құралдары жарыса жазып, жан-жаққа таратқан. Көп ұзамай бұл бастаманы Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Халық Абдуллаев іліп әкеткен.
Игі тілекпен, жақсы оймен жасалатын мұндай шара күнгейде әлі күнге дейін өткізіліп келеді.
Жуырда Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау мерекесіне орай Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында бөбектер үйінің 30 баласының тұсаукесері өткізілетінін айтты.
Сонымен қатар ол, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау мерекесіне орай қалада бес шара өткізу жоспрланып отырғанын хабарлады Жоғарыдағы шарадан бөлек, 27, 28, 31-мамыр және 1-маусым күні Шымкент қаласы Білім басқармасы бекіткен жалпы саны 2500 оқушы зообаққа тегін кіреді.
Тізімдегі балаларға зообақ басшылығы балмұздақ таратады. Сондай-ақ ұйымдастырылған түрлі ойындарда үздік болған оқушыларға сыйлықтар беріледі.
Бұдан бөлек, қала абыройының асқақтауына үлес қосқан жеңімпаз оқушылардың қатысуымен дендробақта пикник форматында іс-шара ұйымдастырылады. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін «Понтос» мейрамханасында мерекелік дастарқан жайылып, тегін балмұздақтар мен ойыншықтар таратылады. Ал мерекелік кештің соңы «Шымкент жастар лигасының» футбол ойындарының финалымен жалғасып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен қорытындыланады.
Доданың аяқдоп ойыны бойынша жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтетін «Қажымұқан» стадионы 17 мың адамды қамтиды. Бұл ретте санитарлық талаптарды сақтай отырып, марапаттау кешіне 2 000 адам қатысатын болады.
Айта кетейік қала әкімінің бастамасымен қолға алынған «Шымкент жастар лигасы» додасына қаладағы 140 мектептен футбол, баскетбол, волейбол, шахмат ойындарынан лигалар құрылып, өзара бақ сынауды 1-наурыздан бастаған.

Шаһар тарихында алғаш рет қолға алынған ірі спорт бәсекесінде оқушылар төрт спорт түрінен – волейбол, футбол, баскетбол және шахмат ойындарынан сынға түсуде. Бұл жоба мектеп оқушыларының спортқа деген ынтасын оятып, қызығушылығын арттыру үшін қолға алынған.
Алдымен баскетболдан финалдық ойындар өтіп, чемпиондар анықталды.
Ойынның қорытындысы бойынша М.Х.Дулати атындағы №8 үш тілде оқытатын мамандандырылған гимназия мектебі 1-орынды жеңіп алды. Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейі 2-орын, №28 жалпы орта білім беретін мектебі 3-орынға ие болды.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысушыларға қолдау білдіріп, үздік ойын-өрнегін көрсеткен командаларды жеңісімен құттықтады.
Кеше шахматтан финалдық ойындар өтіп, чемпиондар анықталды. Жалпы шахмат ойынына қатысуға қаладағы 140 мектеп өтінім білдіріп, 560 оқушы бақ сынады. Ойынның қорытындысы бойынша А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия шәкірттері үздік атанып, жеңімпаз командаға 20 млн теңге табыс етілді. Ал №9 мектеп-лицейі 2-орынды иеленсе, №23 мектеп 3-орыннан көрінді.
Сонымен қатар кеше волейболдан финалдық сынға №64 және №113 мектептің шәкірттері шыққан болатын. Аса тартысты өткен ойында №64 мектептің шәкірттері жеңіске жетіп, лигада жеңімпаз атанды. Үшінші орынды № 50 мектеп жеңіп алды.
Жеңімпаз атанған командаларды салтанатты түрде марапаттау рәсімі ағымдағы жылдың 1 маусым күні «Қажымұқан» атындағы орталық стадионда өтеді.
Шаһардың 4 ауданын түгел қамтыған бұл ауқымды спорттық шара 2 кезеңге жоспарланған. І кезең — наурыз бен маусым айларының аралығында жалпы білім беру мекемелерінің арасында футбол, волейбол, баскетбол, шахмат ойындарына бағытталса, ІІ кезең – қыркүйек пен қараша айларында жоғарыда аталған төрт спорт түрінен жоғары және орта арнаулы оқу орындары арасында өтеді.
Еске сала кетсек, «Шымкент жастар лигасының» жалпы жүлде қоры – 80 млн теңге. Спорттың әр түрінен үздік шыққан командаға 20 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық беріледі. Жүлде қаржысы мектептің қажеттіліктеріне, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады.