ТАРАПТАРДЫҢ КЕЛІСІМІ ТУРИСТІК ҚЫЗМЕТТІ ТҮРЛЕНДІРЕДІ

18-мамыр – Халықаралық музей күні аясында Шымкент қаласы туризм басқармасының «Shymkent Tourism Center» туристік ақпараттық орталығы мен «Шымқала» тарихи-мәдени кешені өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Аталған келісім аясында тараптар Шымкент қаласының қонақтары мен тұрғындарына бірлескен туристік қызметтер ұсынатын болады. Туристік индустрияны дамыту мақсатында ағымдағы жылдың 1-мамырынан бастап «Цитадель» қалашығы маңында туристік ақпараттық орталықтың дүңгіршектері ашылып өз жұмысын бастаған болатын. Қазіргі таңда дүңгіршек қызметкерлері келушілерге мегаполистің туристік әлеуеті туралы кәсіби кеңес беруде. Ақпараттандыру бағытында Ескі қалашыққа екпін түсірілуде. Мұның маңызы туралы «Shymkent Tourism Center» туристік ақпараттық орталығының басшысы А.Раманов «Ескі қалашық «Қазақстан Республикасы туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясындағы туристендіру картасының ТОП-50 нысанының тізіміне енгізілген болатын. Қала қонақтарына шаһар шежіресімен терең танысуына мүмкіндігі беретін Цитадель жобасының VR-ролигі әзірленген. Аталған жоба арқылы тұрғындар мен қала қонақтары Цитадельдің ежелгі тарихынан бергі көріністі үш тілде виртуалды тамашалайды. Яғни, Шымкент қаласының үздік деген туристік нысандарын VR Oculus Go көзілдірігімен көре алады,- дейді.
2200 жылдық тарихы бар Шымкентке қызығушылық танытатын туристердің саны уақыт өткен сайын артып келеді. Сондықтан алдағы уақытта да «Shymkent Tourism Center» туристік ақпараттық орталығы тарапынан түрлі туристік жобалар әзірленіп, ақпараттық-насихаттық жұмыстарға басымдық берілетін болады.
Айта кетейік, қазіргі таңда қаланың көрікті 6 нүктесінде туристерге туристік қызметті кешенді түрде алуға мүмкіндік беретін орталықтар «Бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетуде.