МЕГАПОЛИСТЕ АТАУЫ АЙРЫҚША МҰНАРА БАР

Иә, Шымкентте есімі ерекше мұнара бар. Ол «Хызыр» мұнарасы деп аталады.  Тарихы үш ғасырды қамтитын кешен діни орталық қызметінен бөлек, туристерді ерекше қызықтыратын орын екені белгілі. 

Жыл басында бұл нысанның аумағында қалалық туризм басқармасының бастамасымен меценат Бауыржан Мырзатаевтың демеушілігімен абаттандыру жұмыстары басталған. Бүгінде тиісті жүмыстар аяқталған. Шымкентті туристік орталыққа айналдыру мақсатында жаңартылған «Хызыр» мұнарасы республикалық маңызы бар «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына енген нысанның бірі.
Айта кетейік, республикалық маңызы бар «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына Шымкент қаласынан 7 нысан енген.
Алдағы уақытта қалалық туризм басқармасы «Хызыр» мұнарасын зерделеп, реставрациялық жұмыстар жүргізу үшін тарихшы-археологтармен арнайы экскурсиялар ұйымдастыруды жоспарлауда.
Күйдірілген кірпіштен тұрғызылған мұнараның әу бастағы биіктігі 10,5 метр болған. Табиғи құбылыс – жер сілкінісінің нәтижесінен мұнара 5,7 метрге дейін шөккен.
Тарихи нысан Шымкенттегі «Сайрам» тұрғын алабында орналасқан. Ол кезінде Сайрам өңірі ислам дінін қабылдаған соң мешіт жанынан тұрғызылған сәулет өнері. Мұнара Пайғамбар құрметіне «Қызыр» деп атау таққан. Көзі ашық, көңілі ояу дін иелері Қызырды көзі тірі Пайғамбарлардың бірі деп есептеген. Хызыр аталу себебі, ол отырған жердің түсі әп-сәтте жасылға айналады екен. Бұл ретте табиғи құбылысқа «Хызыр» сөзінің қандай байланысы бар деген сауал туады. Өйткені, жасыл түс пен жер дүниенің көктеп, гүлдеуін араб тілінде «хезра» дейді.