МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІН МАРАПАТТАДЫ

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Осыған орай Шымкентте мәртебелі мамандық иелеріне құрмет көрсетілді.
Атап айтқанда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мәдениет қызметкерлерімен кездесіп, оларды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Кездесу барысында мәдениет саласының үздіктерін қала әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Айтулы күнде сала мамандары жыл бойына атқарылған жұмыстарын қорытындылады. Бүгінде Шымкентте халыққа 56 мәдениет және өнер мекемелері қызмет етеді. Олар Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 6 театр, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК, «Көрме» орталығы, «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы, «Шымкент қалалық мемлекеттік архив», «Тілдерді оқыту әдістемелік» орталығы, «Шымкент Цирк», «Қуғын сүргін» музейі мен «Зообақ» пен 5 кітапхана, оның ішінде Абай кітапханасының 23 кітапхана бөлімшесі, орталықтандырылған балалар кітапханасының 14 кітапхана бөлімшесі бар. Аталған ұйымдардың қатысуымен өткен жылы 2007 іс-шара өткізілген. Ал мәдениет саласында 2 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ғимаратының мәжіліс залында аталған сала мамандарының мерекесіне орай салтанатты жиын өтті.
Мерекелік жиынға «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, «Түркістан облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы бойынша төрағасы Бастарбек Пірімбетов және Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Руслан Шерімов, мәдениет қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.
Мерекелік жиынды ашып берген «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев «Алдымен, Мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Өнер мен мәдениет – егіз ұғым. Халықтың қазынасы, ұлттың құндылығы. Әр халық – өзіндік мәдениеті, руханияты, салт-дәстүрімен дара, биік. Әрбір елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді. Мәдениет тұғыры қашанда биік болып қалады», — деді Бауыржан Ілімшеұлы.
Салтанатты жиын барысында өңіріміздің бай мәдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосқан мәдениет қызметкерлері мен ардагерлеріне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Мәдениет саласының үздігі», «Мәдениет майталманы» медалі мен «Құрмет грамоталары» табысталды.