ТҰРҒЫНДАРДЫҢ 82% МӘМС ҚАТЫСУШЫЛАРЫ
Елімізде 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғаны белгілі. Аталған жүйе енгізілгеннен кейін Шымкентте тұрғындардың денсаулығын сақтауға бөлінген қаражат көлемі артып келеді.
Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Ш.Шерімов Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте мәлімдеді.
Оның сөзінше МӘМС жүйесі енгізілгенге дейін азаматтарға тек тегін медициналық көмектің кепілденген көлемі шеңберінде ғана медициналық қызмет түрлері көрсетіліп келген. Бұл жүйеде азаматтар ем-дом алуы үшін порталға кезекке тұрып, оны айлап күтуге мәжбүр болатын. Мұндай әуре- сарсаңды күте алмаған азаматтар ақылы ем қабылдауға мәжбүр еді. Ал қазіргі уақытта МӘМС қатысушылары мұндай сабылуды бастан өткермейді. Олар МӘМС қатысушысы ретінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне кірмейтін көптеген медициналық қызмет түрлеріне тез әрі тегін қол жеткізеді.
Яғни, МӘМС қатысушылары табыс мөлшеріне қарамастан, осы жүйеде көрсетілетін барлық медициналық көмекке, оның ішінде жоғары технологиялық зерттеулер, қымбат бағалы медициналық қызметтер және оталар жасата алады.
Брифингке «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қалалық филиалы бөлімінің басшысы Ахмет Беден де қатысты. Ол қалада халыққа МӘМС жүйесі бойынша медициналық көмек көрсетуге үміткер медициналық мекемелер саны ұлғайғанын атап өтті. Биыл МӘМС қатысушыларына медициналық қызмет көрсету үшін 117 медициналық мекемемен келісім шарт түзілген екен. Олардың 84-і немесе 71,8% жекеменшік ұйымдар болып табылады. Өз кезегінде Ахмет Беден медициналық мекеме санының артуы шынайы бәсекелестікті туғызатынын алға тартады. Сонымен қатар ол, аталған жүйеде әр тұрғын емдеу мекемесін таңдауға құқылы екенін, бұл ретте медициналық орындар тұрғындарды өздерінің мекемесіне тарту үшін жағдай жасауы және медициналық көмек сапасын арттыруы тиістігін атап өтті.
Бқдан бөлек ол МӘМС жүйесі бойынша қызмет сапасын арттыру үшін «Qoldau 24/7» атты мобильдік қосымша құрылғанын да айтты. Аталған қосымша арқылы әр тұрғын сақтандыру бойынша толық ақпарат алуға, денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер мен ұсыныстар қалдыруға, медициналық мекеме немесе медицина қызметкерлері тарапынан болған кемшіліктер туралы арыз-шағым түсіре алады.
Бүгінде Шымкент қаласы бойынша 849 875 тұрғын МӘМС жүйесінің қатысушысы болып табылады. Бұл үшінші мегаполистегі жалпы халықтың 82% құрайды.