ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕР КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

Биыл Шымкентте тұрғын үйге мұқтаж 676 азаматқа сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер берілуі тиіс. Сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтерлер тұрғын үй кезегіндегі Ұлы Отан соғысының ардагерлері, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары, көпбалалы отбасылар, жетім және ата анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, бюджеттік ұйым қызметкерлері санатындағы азаматтарға беріледі. 

Осы жылдың сәуір айында тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегінде тұрған 161 азаматқа сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер кілттері тапсырылған. Мамыр айында өткізілген комиссия отырысының хаттамасына сәйкес осы бағытта тағы 147 азаматқа баспана берілу туралы шешім шығарылды. Бұл бойынша ішкі құжаттандыру жұмыстары аяқталып, тұрғындарға пәтер кілті табысталды. Оның ішінде, 42 пәтер — көпбалалы отбасыларға, 97 пәтер — халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшелеріне, 8 пәтер — жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға қолданысқа берілді. Аталған көпқабатты тұрғын үйлер «Тұран», «Тұрлан», «Асар-2» шағын аудандарынан бөлінген.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта 369 азаматтың пәтермен қамтылуы жоспарлануда.
Бүгінде Шымкент қаласы республика бойынша тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан аймақтардың қатарында тұр. Дербес қалада 2020 жылы 649,1 шаршы метр тұрғын үй салынған болса, осы жылы бұл көрсеткішті 1 млн. шаршы метрге жеткізу көзделіп отыр.
2016-2017 жылы Шымкент қаласы бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімі кезегінде тұрған 2024 азамат сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтермен қамтылған. Бұл көрсеткіш 2018 жылы -1152, 2019 жылы — 540, 2020 жылы — 692 азаматты құраған.