«Е-ӨТІНІШ» ЖҮЙЕСІ ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІН ЖАУАПСЫЗ ҚАЛДЫРМАЙДЫ

Елімізде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының құқықтық негізі жасалды. Осыған орай 1-шілдеден бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекс атты маңызды құжат күшіне енеді. Құжат негізінде енді азаматтардың мемлекеттік органдарға жазған арыз-өтініштері «е-Өтініш» базасына енгізіледі. Жаңа ақпараттық жүйе тұрғындардың өтінішіне немқұрайлы қарап, мардымды жауаптан құр алақан етіп жүрген басшыларды дер кезінде анықтап, тиісті шара көруге мүмкіндік береді.

Бұл жөнінде Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында қоғам белсенділерімен кездескен ҚР Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова айтты.
Кездесудің тізгін қағары Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан болды.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова аталған Кодекс бойынша азаматтардың өтініштері мемлекеттік органдарға біртұтас ақпараттық жүйе арқылы түсетінін айтты.
— Президент 2020 жылдың 29-маусымында қол қойған ҚР Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексі биыл 1-шілдеде күшіне енеді. Жаңа Кодекс – Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының іргелі нормативтік құжаты. Оған сәйкес, халықтың арыз-өтініші «е-Өтініш» базасына еніп, оның орындалу барысы жайлы мәліметтер осында жинақталады. Енді мемлекеттік орган өтінішті қараған кезде басқа органдар тарапынан қандай шешімдер қабылданғанын көре алады. Басты ұстаным – азаматтардың өтінішіне сапалы жауап беру, — деді Т.Дүйсенова.
Оның айтуынша, азаматтар «е-Өтініш» біртұтас ақпараттық жүйесі арқылы өз өтінішінің мемлекеттік органдарда қаралу барысын қадағалай алады. Және дәлелдер келтіріп, оларды зерделеуге қатысып, түсініктеме беру, қажетті құжаттарды ұсыну құқығына ие болады.
— Егер азаматтар мемлекеттік органнан алған жауабына қанағаттанбаса, одан жоғары сатыда тұрған органға шағым келтіруге, одан кейін шешім қабылдаған мемлекеттік органды талап-арызбен сотқа беруге құқығы бар. Азаматтар мен бизнес өкілдерінің талап-арызын арнайы әкімшілік соттар мемлекеттік органдардың «кінәлілік презумпциясы» қағидаты бойынша қарайтын болады. Яғни, ендігі жерде өтініш беруші өз талабының заңдылығын дәлелдеуге міндетті болмайды. Керісінше, мемлекеттік орган өзі қабылдаған шешімінің немесе берген жауабының дұрыстығын дәлелдеп, негіздеуі тиіс, — деді Т. Дүйсенова.
Жиында сөз алған қала әкімі Мұрат Әйтенов қазіргі таңда Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдарымен жоспарға сәйкес 798 қызметкер жүйеге енгізілгенін атап өтті. Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекс бойынша әр азаматпен, тұрғынмен заң аясында сапалы жұмыс жүргізу ортақ міндет екенін айтқан қала басшысы бүгінде 444 қызметкер ақпараттық жүйемен жұмыс жасауға үйренгенін айтты.
Айта кетейік, өтініштерді қарау мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылады.