ҚАЛАДА «АҚЫЛДЫ АЯЛДАМА» ПАЙДА БОЛДЫ

Шымкент қаласында «Ақылды қала» жобасының негізінде ақылды аялдама жобасы қолға алынды. Пилоттық режимде қолға алынған жоба «Теріскей» аялдамасына орнатылды. Аялдама жеке инвестор қаражаты есебінен салынды.

«Ақылды аялдама» толығымен жабық. Оның ішінде интернет, салқындатқыш, бейнекамера, 2 дана LED экран, wi-fi және басқару панелі орналасады. Ал сыртқы бетінде антивандалды жарнамаға арналған экран қойылады.
Сонымен қатар ол жерде қоғамдық көлік бағытын көрсететін LED экран да қойылады. Қажетті қондырғылар толығымен орнатылған соң халыққа қызмет көрсете бастайды.
Алдағы уақытта жоба оң нәтиже берген жағдайда, ақылды аялдамалардың санын арттыру жоспарлануда.
Бұл аялдамалардың ерекшеліктері көп. Мәселен, сырттағы ауа температурасы -10 градус болған жағдайда жылу жүйесі бірден іске қосылады.