ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАНЫМЫН ҚОРҒАЙТЫН КЕҢЕС ҚҰРЫЛДЫ

Елімізде алғаш рет 2019 жылы «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданған. Соған сәйкес, педагогтардың құқықтарын бұзу, оларға тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүктеу, кәсіби міндетіне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту, ақпарат немесе есеп талап ету фактілері болған жағдайда лауазымды тұлғаға ескерту түрінде шара қолданылады. Егер мұндай жағдай бір жыл ішінде қайталанса, 20-120 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Одан бөлек, мұғалімдердің шамадан тыс есеп беру мәселесін түбегейлі шешу мақсатында педагогтар жүргізетін міндетті құжаттардың тізбесі бекітілген. Сондай-ақ, тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагогтарға қойылатын талаптар негізінде Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен қосымша ақы төленеді.
Бұл туралы Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нүргүл Шәмшиева мәлімдеді. Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте аталған департамент басшысы білім беру ұйымдары педагогтарының құқықтарын қорғау және педагогикалық әдеп мәселелері жөнінде сөз қозғады. Ол:
– 2019 жылы «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданғаны белгілі. Ал 2020 жылы осы заңды іске асыру бойынша 36 нормативтік акті қолданысқа енді. Яғни, аталған заң аясында мұғалім құқығына нұқсан келтірген жауапты тұлғаларға қатысты нақты шаралар қабылданып отыр. Сонымен қатар биыл департамент жанынан «Білім беру ұйымдары педагогтарының құқықтарын қорғау және педагогтік әдеп мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органы» құрылды. Бұл алқалы кеңес мұғалімдердің педагогикалық әдеп сақтау мәселелерін қарайды,-деді
Брифинг барысында Нүргүл Ақылбекқызы департамент жанынан құрылған консультативтік-кеңесші органы мүшелері жоспарға сай жұмыс атқарып отырғанын атап өтті. Осы орайда алдағы уақытта білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар күшейтіліп, «Педагог мәртебесі» туралы заң аясында кеңес жұмыстары жанданатынын жеткізді.
Айта кетейік, кеңес өз қызметін ҚР «Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы» заңдарына, өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырып, объективтілік, әділдік және әдептілік қағидаттарын басшылыққа алады.