КОЛЛЕДЖДЕР МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗАМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Осы жылы Шымкент қаласында еңбек нарығына қажетті білікті кадрларды даярлау мақсатында «Жас маман» жобасы қолға алынады. Соған сәйкес қаладағы 5 колледжде атап айтқанда, «Индустриалды техникалық колледж», «Политехникалық колледж», «Энергетика және байланыс колледжі», «Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі» және М.Өтебаев атындағы Жоғарғы жаңа технологиялар колледждері заманауи материалдық-техникалық базамен жарақтандырылады. Бұл мақсатқа бюджеттен қаржы қаралған.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Бұдан бөлек, аталған колледждерде өңірге қажетті туризм, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, үй жағдайында бала күтуші, ІТ мамандықтарына лицензиялар алынуда.
Алдағы уақытта жастардың дуальды жүйемен білім алған мерзімі еңбек өтілі ретінде есептеу қолға алынады. Осы мақсатта әлеуметтік серіктестермен келісім шарттар түзілу үстінде. Колледждерде ақылы негізде қызмет көрсету, оқу-өндірістік шеберханаларда, шаруашылықтарда дайындаған өнімін сату мүмкіндігі қарастырылады.