БИЫЛ 47 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Биыл Шымкентте 47 инвестициялық жоба жүзеге асады. Олардың жалпы құны 157,0 млрд. теңге нәтижесінде қалада 2,5 мың жұмыс орны ашылады. Инвестициялық жобалардың басым бөлігі атап айтқанда, 20-сы қайта өңдеу өнеркәсібі бағытында болады. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы саласында — 2, сауда-саттықта — 6, білім саласында — 6, тұрғын үй құрылысы бойынша- 7, көлік саласында — 1 жоба іске қосылады.
Бұл туралы Шымкент қаласының инвестициялық штабының кезекті отырысы кезінде қаланың индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков мәлімдеді. Сонымен қатар ол, осы жылы түрлі салаларда 385 инвестициялық жоба жүзеге асырылатынын атап өтті. Басқарма басшысының сөзінше оларға тартылатын инвестиция құны 400,8 млрд. теңгені құрайды. Оның ішінде 212-сі мемлекеттік жобалар.Жаңғыртылатын ірі кәсіпорындар бойынша 10 жоба қолға алынады. Өнеркәсіп саласында 24 жоба, «Shymkent» ӘКК» АҚ арқылы 59 жоба іске асырылса, білім саласында 13, ал 58 жоба коммерциялық тұрғын үйлер мен ауыл шаруашылығы, туризм, денсаулық саласында 58 жоба жүзеге асады.
Сонымен қатар, басқарма басшысы 2021-2025 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 трлн. теңгені құрайтын 211 инвестициялық жоба іске асырылып, 14 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылатынын мәлім етті.
Отырыс кезінде «Шымкент» ӘКК» АҚ тарапынан тұрғын үй, әлеуметтік, сауда нысандары бойынша атқарылатын инвестициялық жобалардың шешілмей жатқан мәселелері талқыға түсті. Атап айтқанда, жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына қайтару жағы көп мәселенің тұралап қалуына әсерін тигізуде. Сонымен қатар жобаларды жүзеге асыру бойынша таңдалған төңіректерге инфрақұрылымды жеткізу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Жиында цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов телекоммуникация желілерін тарту, интернетпен қамту бағытындағы инвест жобалардың барысын баяндады.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов инвестиция тарту жұмыстарын әлі де жандандыру қажет екенін алға тарта отырып, бұл мақсатта барлық жағдай жасалғанын жеткізді. Өз сөзінде ол «Қазіргі таңда «Жұлдыз» индустриалды аймағын іске қосудамыз. Ол жерге инфрақұрылымды жеткізу бойынша қаражат қарастырылған. Соған сәйкес инфрақұрылымын толық жеткізіп береміз. Енді бізге әлеуетті, ноу-хау жобалар керек. Келесі аптада 2022-2023 жылға бағытталған жобаларды да баяндамаға қосыңыздар. Қазірден бастап келесі жылдарға дайындық жүргізілсін. Жоспар бойынша 2022 жылы қалаға 540 млрд, 2023 жылы 600 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартуымыз керек, — деді қала әкімі.
Жиын соңында аудан әкімдеріне бұл бағытта бірқатар тапсырмалар жүктелді.