480 АУЫЛДЫҢ МӘСЕЛЕСІН ТҮПКІЛІКТІ ШЕШУГЕ 105 МЛРД. ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Халық бөлінген қаржының игілігін сезіне ала ма әлде жоқ па?

Елімізде 6318 ауыл бар. Оның ішінде 3500 ауылдың әлеуеті жоғары. Ол жерлерде республика бойынша ауыл тұрғындарының 87 пайызы тіршілік етеді. Ондағы тұрғындар саны 7 млн.ға жетеді. Бірақ 6318 ауылдың ішінен іріктелген 3500 ауылдың басым көпшілігі басқасын айтпағанда сапалы ауыз су, жарық, газ бен жол сынды инфрақұрылымнан ада. Енді Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында бұл ауылдардың барлығында 2025 жылдың соңына дейін қыруар жұмыстар атқарылмақшы. Атап айтқанда, ауыл тұрғындарының 100 пайызы құбырдан ағатын мөлдір сумен, 60 пайызы көгілдір отынмен қамтылады. Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру үшін жергілікті маңызы бар 27 мың шақырым жолда құрылыс жұмыстары жүріп, жөнделеді. Жиыны 24 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, ауылдан қалаға сабылатындардың легі азаяды.
Мұндай әдемі цифрларға негізделген деректер осы аптада Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Жиында ауылда өмір сүру сапасын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова баяндама жасады.
Үкімет агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) саласында 845 жоба, 7 экожүйе жүзеге асырылатынын, соның есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысы арта түсетінін хабарлады. Тіпті денсаулық сақтау саласында 1095 нысан жөнделіп, салынады. Адами капиталды дамыту бағытында 5 жыл ішінде 5 мың мектеп жаңғыртылып, 315 ауыл мектебі бой көтереді. Бұдан басқа 2025 жылға қарай ауылды жерлерде заман талабына сай жарақтандырылған 748 мәдениет нысаны мен 1700-ден астам спорт нысаны жұмыс істейтін болады.
Бұл жоспарларды 2025 жылға дейін толық жүзеге асыру үшін 800 млрд теңге бөлінеді. Үкімет биылдың өзінде 480 ауылдағы мәселені толық шешеміз деп сендіруде. Бұл үшін 105 млрд. теңге қаралып отыр. Бағытталған қаржының мақсатты жұмсалғанын ауыл халқы сезіне алады ма әлде жоқ па оған уақыттың өзі төрелік айтатыны белгілі. Десе де, кейбір сарапшылар Үкіметтің мұндай мәлімдемесінің сөзден іске көшетініне сеніп отырған жоқ. Олар отыз жыл ішінде тірлікті оңдыра алмай отырған Үкімет айналдырған бес жыл ішінде бұл бағыттағы істі ілгерілетіп әкететініне сену қиын деп есептейді.

Қ.ҚАЛИЕВ.