АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚЫМБАТТАСА ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ ЖАЗАЛАНАДЫ
Өңірлерде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағалары қымбаттаса әкімнің осы салаға жетекшілік ететін орынбасарына тәртіптік шара қолдану қажет.
Еліміздің Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында осылай деді.
Аталған ведомства басшысы жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық- түлік өнімдерінің бағасы 3,2 пайызға өскенін атап өтті. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде бұл көрсеткіш 4,8 пайыз болған. Министр қабылданған жедел іс- шаралардың нәтижесінде бағалардың өзгеруі тұрақтанғанын айтады. Сонымен қатар ол, ағымдағы жылдың 11-наурызында Үкіметтің отырысында бағаны тұрақтандыру жөніндегі жол картасы мақұлданғанын да атап өтеді. Ведомства басшысы Бақыт Сұлтанов барлығы 45 шарадан тұратын жол картасы бағаның одан әрі өсуіне жол бермейді деп сендіріп отыр. Соған сәйкес өңірлерде монополияға қарсы шаралар жолға қойылып, шекті бағалар енгізілген. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру туралы меморандумдар жасалып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өткізілуде. Сауда нысандарында әлеуметтік сөрелер қойылып, күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Өз сөзінде министр бағаны ұстап тұру үшін әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілерге айналым қаражатын берудің маңызы зор екенін тілге тиек етті. Осы мақсатта жыл басынан бері «Айналым схемасы» 30 пайызға ұлғайтылып, қаржыландыру 24 млрд. теңгені құраған. Алдағы күндері бұл мақсатқа тағы қосымша 8 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр.
Айта кетейік ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өсуінің ең жоғарғы деңгейі Атырау және Жамбыл облыстарында орын алды. Осыған байланысты, Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов осы жұмысқа жауапты Атырау мен Жамбыл облысы әкімінің орынбасарларына қатаң сөгіс беруді тапсырған.
Қ.ҚАЛИЕВ.