БІРІНШІ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚТА 400-ГЕ ЖУЫҚ КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫ ҮЙЛІ БОЛАДЫ

Бүгінде Шымкентте арендалық тұрғын үй кезегінде 43 906 азамат тіркелген. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша баспана кезегіне 2 796 адам жазылған.

Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рысжанов осы жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы баяндамасында осындай сандеректерді мәлімдеді.
Ол жыл басында 976 отбасыны арендалық пәтермен қамту жоспарланғанын айтты. Бүгінге дейін жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 300 пәтер беру туралы шешім қабылданған. Бұл бағытта ағымдағы жылдың 25-27 қаңтары аралығында өтінімдер қабылдау жүргізілгенін, нәтижесінде «shymkent-baspana.kz» cайты арқылы 3 648 өтінім келіп түскенін айта кетейік. Қазіргі таңда ұсынылған өтінімдер ішінде балл жүйесі бойынша жоғары көрсеткішке ие болған 300 азаматқа пәтер кілттері табысталуда.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың 1-сәуірінде арендалық тұрғын үйдегі 161 пәтерді кезегі келген азаматтарға тапсыру туралы шешім шығарылған. Соның негізінде 10 пәтер -жетім балаларға, 106 пәтер -көпбалалы отбасыларға, 45 пәтер — халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына кіретін азаматтар үшін берілетін болады.
Жалпы осы жылдың бірінші жартыжылдығында 676 пәтер беру жоспарланған. Оның ішінде 378 пәтер көпбалалы отбасыларға табысталады.
Арендалық тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтарға пәтерлерді тапсыру туралы шешім шығару бойынша комиссияның келесі отырысы мамыр айында өткізу жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетсек, жыл басында қала әкімі Мұрат Әйтенов 2018-2019 жылдары қалада 1692 пәтер берілсе, 2020 жылы 1596 пәтерде қоныстой тойланғанын, ал биыл 2500-ден аса азаматқа пәтер кілтін тапсыру көзделіп отырғанын мәлімдеген болатын. Осы мақсатта жыл соңына дейін кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 1 580 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Бұл үшін 22,5 млрд. теңге қаржы қаралған.
Сонымен қатар қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы жыл соңына дейін кредиттік негізде 4 197 отбасыны пәтермен қамту көзделгенін алға тартады. Ағымдағы жылдың мамыр айында жергілікті бюджет есебінен бастапқы жарна үшін, 300 млн теңгеге дейін (әр азаматқа 1 млн. теңгеге дейін) тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланған.
Сонымен қатар ол, осы жылы «Тұрғын үй сертификаттарын беру» мемлекеттік қызметі автоматтандырылғанын, бұл үшін жергілікті бюджет есебінен 6 млн. теңге бөлінгенін айтты. Енді аталған қызмет бойынша азаматтардың құжаттарын қабылдау www.kezekte.kz сайты арқылы жүзеге асыратын болады.
Айта кетейік, арендалық тұрғын үй кезегіне ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым мен әскери қызметкерлер, жалғыз баспанасы апатты деп танылғандар, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтар, І-ІІ-ші топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар отбасылар, зейнеткерлер, қандастар, ҚР Үкіметі бекіткен аурулар тізіміндегі азаматтар, төтенше жағдай салдарынан үйінен айырылғандар, мемлекеттік және әскери қызметті орындау барысында қайтыс болған адамдардың отбасылары тіркеле алады. Ескеретін жағдай бұл санаттағы азаматтардың соңғы үш жыл көлеміндегі тұрғылықты мекен жайы сол қалада болуы қажет. Және соңғы бес жыл көлемінде өз атына жазылған тұрғын үйі болмауы тиіс.