100 ОТБАСЫНЫҢ БАЛАЛАРЫНА КІТАП БЕРІЛДІ

Биыл «Балалар әдебиеті» жылы. Осыған орай Шымкентте 100 отбасының балаларына кітаптар берілді. Бұл шара Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің «Қайырымды істер марафоны» жобасы аясында қолға алынды.

Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақты кітап оқуға баулып, олардың көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту. Ұйымдастырушылар жоба аясында сыйлыққа кітап алған балалар алдағы уақытта «Мен оқыған кітап» байқауларына қатысып, өзара пікір алмасатынын хабарлайды. Өз кезегінде бұл өрендердің өрісін өсіріп, танымын кеңейтіп, түйген ойларын еркін әрі ашық жеткізуге ықпал ететінін айтады.
Аталған қайырымды іске Шымкент қаласы мәслихатының бірқатар депутаттары, кәсіпкерлер, көпбалалы аналар демеушілік көрсеткен.
Шымкентте дәл осыған ұқсас шара өткен жылы болған республикалық «Кітап фестивалінде» де ұйымдастырылған. Ол кезде фестивальге келушілер кітап сатып алуға мүмкіндігі жоқ балалар үшін арнайы сандыққа әдеби және танымдық кітаптарды жинап, балаларға базарлық жасауға үлес қосқан. Көп ұзамай арнайы сандыққа жиналған кітаптар кішкентай оқырмандарға жол тартқан еді.