«ЗЕРТАСТАҒЫ» ӘР СИЫР КҮНІНЕ 22 ЛИТР СҮТ БЕРЕДІ
Шымкенттегі Еңбекші ауданы, Абдуллабад тұрғын алабында орналасқан «Зертас» шаруа қожалығының тауарлы сүт фермасы тұрғындарды сапалы табиғи өніммен қамтып отыр. Жуырда Шымкент қаласының әкімі аталған шаруа қожалыққа барып, жұмысымен танысты.
Асыл тұқымды сүт бағытындағы шаруашылық 2019 жылы Австриядан 128 бас сүтті-етті бағыттағы асыл тұқымды Симменталь сиырларын алып келген. Бүгінгі таңда шаруашылықта жалпы ірі қара мал басының саны 317-ге жеткен. Оның ішінде сүтті бағыттағы сиырлардың саны 161 басты құрап отыр.
Жалпы аумағы 2,2 гектарды құрайтын шаруа қожалылығында заманауи «Параллель» сауу қондырғысы, сүтті жинауға арналған салқындатқыш танкер секілді инновациялық теxнологиялармен қамтылған. Бұдан бөлек сиырларды тұрақты ұстау, асыл тұқымды бұзауларды өсіру аумақтары бар. Шаруа қожалығы мал азығын дайындауға арналған арнайы құрылғылармен, ауыл шаруашылық техникалары сынды қажетті саймандарын түгендеген. Мұнда әр бастан тәулігіне орташа есеппен 22 литр сүт алынады.
Өндірілген сиыр сүтіне және сатып алынған жемдік азықтың құнына «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасымен былтыр 15,4 млн теңге субсидия бөлініп, мемлекеттік қолдау көрсетілген.
Биыл асыл тұқымды мал басын арттырып, 350 миллион теңге көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр.
— Таза сүтке сұраныс үнемі жоғары. Сүт, ет – тұрғындардың басты азығы. Қала халқын ауылшаруашылық өнімдерімен толығымен өзіміз қамтуымыз керек. Мемлекет қолдауы жылдан-жылға артып келеді. Мүмкіндікті дұрыс пайдалану арқылы, шаруақожалықты үлкен мекемеге айналдыруға болады. Бұл бағытта жұмыстарыңызды тоқтатпаңыздар, — деді шаһар басшысы.