ШЫМКЕНТТЕ ЭСТРЕМАЛДЫ ДЕМАЛЫС ТҮРІН ДАМЫТУ ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Сайрам тұрғын алабындағы «Бүркіт» әскери-спорттық базасының жұмысымен танысты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.
Аталған әскери база Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің балансында. 256 гектар аумақта орналасқан. Бүгінде ол жерде «Шымкент қаласының парашютты спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігі базаның дамуы бойынша жұмыс атқарады.
Мұнда 45 адамға арналған казарма, асхана, парашют қоймасы, авиақойма, монша, бақша бар. Аталған базаның құрамында нұсқаушы, ұшқыш, авиатехник пен дәрігері бар 12 қызметкерден құралған топ жұмыс жасайды.
Мұрат Әйтенов алдағы уақытта «Бүркіт» әскери-спорттық базасын бірегей туристік нысанға айналдыру мүмкіндігін қарастыру қажеттігін айтты. Бұл туралы ойын ол:
– Мұнда балалардың қызығушылығын арттыру үшін іс-шаралар ұйымдастыру қажет. Арнайы туристік концепция әзірленсін. «Бүркіт» әскери-спорттық базасы қаланың туристік нысанына айналуы керек. Бұл бағытта инвестиция тарту жолдарын қарастырыңыздар, — деп сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Шаһар басшысы база аумағында орналасқан балалар жатын орындары, дайындық және парашютпен секіру аумағында болды.
Жалпы парашютпен секіру құны 21 000 теңге. Егер, адам салмағы 90 келіден асса 31 000 теңге болады. Өткен жылы мұндағы парашютпен секірушілер саны екі мыңнан асқан.
Әкім тапсырмасына сәйкес, биыл қалалық туризм басқармасы «Shymkent tourism center» туристік ақпараттық орталығы мен база мамандарына туристік сервис және маркетингті жетілдіру бойынша семинар-тренингтер ұйымдастыратын болды. Сонымен бірге, туристік мәдени шаралар да қолға алынады.
Дәл осы «Бүркіт» әскери-спорттық базасын бұған дейін қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов белсенді демалыс орны ретінде ерекше атап өткен болатын. Қаңтар айында өзінің фейсбуктегі парақшасы арқылы ол ұмытылмастай әсерге бөленгісі келгендер қардың көбесі сөгіліп, жер қарайған соң осы әскери базаға келуге кеңес берген еді. Өз жазбасында ол «парашютпен секіру экстремалды спорт түрі ғана емес, өзіңмен және табиғат заңдарымен күресу, өз қорқыныштарыңды жеңе білу,-деп атап өткен-тін.