СЫНДАРЛЫ ШЫҒАРМАЛАР ИЕСІ

Былтыр туылғанына 1150 жыл толған Әл-Фараби кім? Ол туралы не білеміз? Осы бағыттағы мәліметтермен бөлісіп, көпшілікке қажет болар дедім. ӘЛ-ФАРАБИ (миләди 870-950 ж.ж.) Қазақ топырағынан шыққан ұлы данышпан. Аты-жөні, шыққан тегі: Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ Әл-Фараби ат-Турки. Әл-Фараби қазіргі Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Фараб (Отырар) қаласында түркі тектес әулетте туылған. Оның әкесі әскербасы болатын. Зерттеуші ғалымдар Әл-Фарабидің балалық, жастық шақтары туралы тұщымды әңгіме айтпайды. Себебі ұлы ғалымның өмірінің бұл кезеңі туралы мағлұматтар жоқтың қасы. Сондықтан да зерттеушілер ұлы ойшылдың өмірбаянын оның елуден асқан шағында Бағдат шаһарына қоныс аударуынан ғана бастайды. Оның ғылым жолындағы қызу ізденістері мен ұзақ сапарлары нақ осы кезден басталса керек. Әл-Фараби алғашқы білімді, қыпшақ тілінде Отырар қаласында алған. Оның ғылымға, білімге деген қызығушылығына Отырардың бай кітапханасы мен медресесі әсер еткен. Әл-Фараби жастайынан түрлі ғылымдарды оқып үйренді. Оның ақыл-ойының ұшқырлығы мен білімінің молдығына тәнті болған талай жан еріксіз таңдай қаққан. Ол бірнеше тілдерді әсіресе араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерді. Ұлы ойшыл біраз жылдар Бағдат шаһарында ғылыми ізденістермен айналысып тұрақтап қалады. Содан кейін Шам аймағына қоныс аударады да сексен жасқа жетіп, өмірден өткенше сол өлкеде қалады. Алғашқы сапарында Әл-Фараби Бағдат шаһарында логика, математика ғылымдарын терең зерттеп, араб тілін игереді. Ол елден асқан зерек еді. Дүниенің өткінші қызықтарынан, ойын-сауықтан алыс болатын. Тұрмысына жетерлік аз дүниеге қанағат етіп, уақытының барлығын ғылым жолына арнайтын. Ол алдыңғы толқындағы даналардың ізін қуған данышпан философ. Сондай-ақ, ол медицина ғылымын да толық меңгерген. Ал Шам аймағына келген кезде Әл-Фараби алғашында Дамаск қаласындағы бір бақта бағбан болып жұмыс істейді. Мұнда ол жеміс ағаштарын баптай жүріп ғылыммен айналысуын әрі қарай жалғастырады. Ол әсіресе, логика ғылымын терең зерттеді. Осы бұрын-соңды салада жазылған еңбектердің бәрін парақтап оқып шықты. Тұрмысының жұпынылығына қарамастан қолындағы бар қаражатын кітап сатып алуға жұмсап, күні-түні ғылыммен айналысты. Ол бақ қарауылшысы ретінде берілетін май шамның жарығымен талай томдарды оқып түгесті. Өзінің еңбектерін де жазып шықты. Ақырында оның есімі әлемге жайылды. Еңбектері шартарапқа тарағаннан соң есімі дүниеге әйгілі болды. Уақыт өте келе оны білім иелері мойындап, өз заманының бірегей ғұламасына, біртуар дара тұлғасына айналды. Әл-Фарабидің аса парасаттылығы туралы естіген Халеб қаласының әкімі Сәйф әд-Дәулә әл-Хамдани оны басқа да мұсылман ғалымдармен бірге сарайына шақырып құрметтеп, қонақ қылады. Ұлы данышпанның даналық сөздерін ден қойып тыңдаған әмірші оны өзіне жақындатуды ойлайды. Оны қазылыққа тағайындайды. Әл-Фараби киетін киімі мен тұрмысына аса көп назар аудармайтын. Оның қарапайым тіршілік кешкені сондай, кейде тіпті, тек қана қара сумен күнелткен кездері де болған. Ұлы ойшыл қазылық қызмет атқарып жүрген тұсында да ғылымнан қол үзген емес. Бірде таным өрісін одан әрі кеңейтіп, білімін молайта түсуді көздеген данышпан қазылық мансаптан бас тартады. Одан кейінгі өмірінде ғылымның алуан түрлерімен, өнермен шұғылданады.
Саз өнерінің қыр-сырларын тексеріп, терең игерген ғұлама көп ішекті ғажайып аспап ойлап табады. Бұл цитра атты музыкалық аспап болатын. Бірде Әл-Фараби Сәйф әд-Дәуләның мәжілісінде отырғанда әмірші оған: «Тағам алдырайын, ас ішесіз бе?», — деп сұрайды. Ғұлама: «Жоқ, ішпеймін», — дейді. Әмірші: «Сусын ішесіз бе?»,-деп сұрағанда одан да бас тартады. Сосын Сәйф әд-Дәулә: «Олай болса бірдеңе тыңдарсыз», — деп ұсынады. Әл-Фараби: «Тыңдайық», — деп келісімін береді. Сонда әмірші қолдарында музыкалық аспаптары бар әншілер тобын алдырады. Бұлар патшаның ең талантты өнерпаздары болатын. Олар орындарына жайғасқан соң қолдарындағы аспаптарының күйін келтіріп, алуан түрлі сазды әуендерді ойнай бастайды. Алайда олардың өнеріне Әл-Фарабидің көңілі толмай, қателіктерін айтып сынайды. Сонда одан Сәйф әд-Дәулә: «Өзің жақсы ойнайтын ба едің?»,- деп сұрайды. Әл-Фараби: «Иә, ойнай аламын»,-деп өзінің саз аспабын алып, құлақ күйін келтіреді де көңіл көтерер әуездерді төге жөнеледі. Бұл әуен мәжілісте отырғандардың көңілдерін шаттандырып, жүздеріне жайдарылық ұялатады. Олар бір-бірлеріне жымия қарасып, шад-шадыман болысады. Әл-Фараби бұл әуенін аяқтаған соң, қолындағы аспабының құлақ күйін басқаша келтіреді. Сиқырлы сазды ішектерден енді адамның жүрегін жылатар мұңлы әуен сарнап қоя береді. Құлақтан кіріп, бойларын билеп алған қайғылы күйге еліткен жиналған жұрт кірпіктерін жас шалып, кемсеңдей бастайды. Бұл қайғылы әуенді аяқтап болған соң Әл-Фараби аспабының құлағын басқаша бұрып, енді құлаққа жағымды, мамыражай, баяу күйді тарта бастайды. Жиналған жұрт күйдің әсеріне беріліп, жастықтарға жантая кетеді де, сәлден кейін көздері жұмылып, ұйқыға кетеді. Сол кезде Әл-Фараби әуенін аяқтап, аспабын бір шетке сүйеп, сарайдан шығып жүре береді.
Әл-Фараби жетпіске тарта кітаппен зерттеу жұмыстарын жазып кетті. Оларда философия, астрономия, логика, геометрия, музыка сынды ғылым мен өнердің сан алуан түрінің мәселелері талқыланады. Алайда оның еңбектерінің көбі аумалы-төкпелі замандарда жоғалып кетті де бізге осынау мол мұраның аздаған бөлігі ғана жетті. Әл-Фараби еңбектері һижраның төртінші, бесінші ғасырларында мұсылман әлемінің шығыс бөлігіне таралып, одан соң Андалузияға жетті. Андалузиялықтар Әл-Фараби еңбектерін оқып-үйреніп, олардан көршілес европалықтар оқып, көпшілігін өз тілдеріне аударады. Әл-Фараби ғылымдарды мынадай басты екі бөлімге бөлген. Бірінші: теориялық ғылымдар. Бұл топқа жаратылыстану ғылымдары мен метафизиканы енгізген. Екінші: практикалық ғылымдар. Бұл топқа этика, фиқһ((араб.: فقه‎) — терең түсіну мен жан-жақты ұғыну. Ұғым ретінде бұрын діннің барлық салаларында терең түсінікке ие болу мағынасында қолданылатын және сенім, ахлақ (мораль), амал (іс-әрекет) мәселелерінде білім иесі болу Фикһ сөзімен түсіндірілетін), кәләм («кәләм» (ақида ғылымының екінші атауы). «Кәләм» сөзінің сөздік мағынасы сөзбаян, тіл, диалект деген ұғымды, ал, Каламуллаһ сөзі – Алланың сөзі, яғни Құран Кәрімді білдіреді. Терминдік жағынан кәләм сөзі – Құран Кәрім және хадистерден бұрын айтылып кеткен дәлелдерді де аңғартатын, философия жолымен нағыз Ислам ақидасын дәлелдейтін, ешқандай да күмәнға орын қалдырмайтын сенім жайындағы пән) ғылымдарын жатқызған. Данышпан бұл пікірін Ихса әл-Улум («Ғылымдардың классификациясы») атты еңбегінде келтірген. Осы кітап Әл-Фарабидің түрлі танымдар мен ғылымдарды энциклопедиялық тәсілмен алғаш рет жүйелеген ғалым екендігін дәлелдейді. Аталмыш еңбегінде ғұлама оқырманды әрбір ғылым саласының қыр-сырымен таныстыруға тырысқан. Европалық шығыстанушылар мен тарихшылардың пайымдауынша Әл-Фараби сондай-ақ Шығыс философияның да негізін қалаушы. Олар ұлы кемеңгердің келелі пікірлерінің астарларына үңіліп, көп зерттеген. Әл-Фарабидің ойшылдығына тәнті болысқан. Ғұламаның пікірлерінің құндылығы сонда – ол философиялық ой-толғаныстарын ежелгі грек философтары Аристотель, Платондардың пікірлері негіздерінде өрбіте отырып, сол пікірлерді ислами негіздерге орайластырған.
Әл-Фараби – мұсылмандық философиялық ағымның негізін қалаушы. Ұлы ойшылдың есімі тарихқа мықтап енді. Оның жазған еңбектері, Батыс және Шығыс мәдениеттерін жақындастырған көпір болып саналады. Астрономия, математика, музыка, логика, әлеуметтану, жаратылыстану және астрология туралы 130-ға дейін шығарма қалдырды. Аристотельдін «Жан туралы» деп аталатын трактатын 2000 рет оқып шыққан.
Әл-Фараби Аристотельдің “Органон” ілімінің бүкіл кешенін жинап, ретке келтіреді. Оның барлық кітаптары бойынша түсініктеме жазады. Сонымен қатар физика, математика, астрономия, ботаника, құқық, музыка, әлеуметтану саласында 160-қа жуық трактат жазып қалдырған. Аристотельдің еңбектерін зерделей отырып, “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары”, “Кемеңгерлік меруерті”, “Бақытқа жету”, “Ақындықтың мәні туралы” деген философиялық туындылар жазады. Өз еңбектерінде адам дүниені және оның мәнін өзінің сезім мүшелері мен ақыл-ойы арқылы таниды деп түсіндіреді. Ғұламаның “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары” атты трактаты атақты ағылшын жазушысы Томас Мордың еңбегіне негіз болған.
Әл-Фараби музыка саласында да «Музыканың ұлы кітабы», «Музыка ғылымы туралы пікірлер» деген еңбектер жазды. Әйгілі Қорқыттың күйлерін тартып, өзі де «Шұбар айғыр» деген күйді шығарған.
Білімге деген құштарлығының арқасында, өмірінің соңына дейін 70-тен астам тілді меңгеріп алды. Ол Қади, яғни шариғат үкімін жариялайтын адамның лауазымында қызмет атқарып жүрген кезінде, оның жақын досы оған көптеген кітаптар берген. Кітаптардың арасында Аристотельдің еңбектері болған. Бұл еңбектердің ұнағандығы соншалық, өз лауазымынан бас тартып, ғылымға бет бұрған. 941 жылы Дамаск қаласына көшіп, өмірінің қалған бөлігін осында өткізді. Қалай қайтыс болғандығы туралы нақты мәлімет жоқ. Бір ақпарат бойынша, ол аурудан көз жұмды. Ал екінші нұсқа бойынша, Асқаланға сапар шегу кезінде қарақшылардың қолынан қаза болған делінеді. Қазіргі таңда Әл-Фараби бабамыздың жерленген жері Сирия астанасы –Дамаск (Шам) қаласы болып табылады.
Әл-Фараби өзінің талантты ойшыл, данышпандығымен әлемге әйгілі болып, көп ғылымды меңгерген. Сол үшін оны әлем халқы «Аристотельден кейінгі екінші ұстаз» немесе «Шығыстың Аристотелі» деп атайды.
Әл-Фарабидің еңбектерін оқу арқылы өзін Әл-Фарабидің шәкірті санайтын парсы халқынан шыққан ғалымның бірі Әбу Әли Ибн Сина. Оның ғалым атануына тікелей Әл-Фараби еңбектері әсер еткен.
Ғұламаның «Тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы», «Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын» деген ұлағатты сөздері халық арасында көп қолданылады.
Біріншіден, ол-әлем мойындаған философ, Платон мен Аристотельдің еңбектерін шығыс, араб-мұсылман әлеміне таратқан үлкен ғұлама. Екіншіден, Әл-Фараби – үлкен ғалым. Әл-Фарабидің философиялық көзқарасы өте күрделі. Оны бір сөзбен айтып шығу мүмкін емес. Әл-Фарабидің көзқарасында диалектика да, таным теориясы да, ғылыми рационализм де бар. Әл-Фараби ислам өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан. Сондықтан әл-Фарабидің дүниетанымы туралы айтқанда оны материалист, болмаса идеалист немесе атеист деп айтуға болмайды. Ол белгілі бір ғылым академиясы тәрізді.Әл-Фарабидің ашқан ең үлкен жаңалығы – антикалық мұра мен исламды біріктіре мәдениет жасауында. Сондықтан Әл-Фарабидің қайнар көздерін айтқанда міндетті түрде тек шығыс пен батыс, гректің ғана емес, оның қазақтың құнарлы топырағынан түлеп ұшып, Отырар өркениетінен нәр алғанын ұмытпауымыз керек. Ол: “Мен Қыпшақ елінен ешқандай атақ-даңқ іздеп келген жоқпын. Мен білім іздеп келдім, сол білімді араб елінен таптым, бірақ менің Қыпшақ еліне сүйіспеншілігім шексіз”,- деп өзінің туған жерге деген сағынышын өлеңге түсірген.
Орта ғасырда энциклопедияшы оқымысты Әл-Фарабидей ғалым болмаған. 1980 жылдардан бастап Фарабитану атты жаңа бағыт пайда болды. Әлемдік және отандық Фарабитану деген бар. Әл-Фараби шетелге емес, тәуелсіз еліміздің мемлекеттік мүддесі мен ұлттық ұстанымы үшін қызмет етуі керек. Сондықтан Әл-Фарабидің ғылыми – философиялық мұрасын өзіміз ғана біліп қоймай, жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз қажет. Әл-Фарабидің мұрасы, Әл-Фараби әлемі туралы білетініміз аз. Оның құпиясы әлі толық ашылған жоқ.
«Әлемнің екінші ұстазы» атанған, күллі түркі жұртының бас ойшылы Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Сондай-ақ, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың тарихтан тағылым алып, ұлы бабаларымызды әрдайым ұлықтай білгенін айтып, мұралары «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналуы қажет екенін атап өтті.
Сөз соңында, Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылының атауын Фарабикент немесе Фараб деп ауыстыру туралы ұсынысымды қоса білдіріп отырмын.

Арман ОРЫНБЕКОВ,
Абай атындағы
№90 дарынды
балаларға арналғын
мамандандырылған
мектеп-гимназиясының
директоры.
Шымкент қаласы.