ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ АХУАЛЫ ҚАНДАЙ?
Аумағы 300 мың шаршы шақырымды алып жатқан Қызылқұм шөлінің жартысына жуығы елімізге тиесілі. Оның басым бөлігі Түркістан және Қызылорда облыстарының еншісінде. Шардара, Жетісай, Мақтаарал аудандарында жайылым жерлерінің жетіспеушілігінен төрт түліктің басым көпшілігі дәл осы Қызылқұм аумағына жіберіледі. Сырт көзге сайын дала іспеттес шөлейтті жер болып көрінгенімен, мұндада малшылар мен шопандардың ауылдары бар. Бірлігі мен берекесі жарасқан біртұтас халық мекен етеді. Ата-баба дәстүрін берік ұстанып, төрт түлік өсірудің қыр-сырын терең меңгерген шаруалардың еңбексүйгіштігін айтпай кету мүмкін емес. Алайда, мұндада шешімін таппаған бір мәселе бар. Ол – байланыс пен ғаламтор.
Өркениетті 30 елдің қатарына ұмтылған елімізде байланыссыз, ғаламторсыз отырған ауылдардың әлі де болса бар екені көңіл көншітпейді. Ондағы ата- аналар да ұл-қыздарының терең білім алып, заманауи талапқа сай игергенін қалайды. Ат құлағында ойнаған балалардың өнер мен білімге қаншалықты құштар екенін олардың көздерінен байқау қиын емес. Бірақ, осы бір құштарлық пен армандардың орындалуына қолбайлау болып отырған тағы сол байланыс пен ғаламтор мәселесі.
Байланыстың жоқтығы мұндағы мал ұрлығының белең алуына да өз әсерін тигізуде. Осы бір олқылықты пайдаланған барымташылар емін-еркін өздерінің арам пиғылдарын іске асырып отыр. Егер де шаруалардың бір-бірімен байланысу мүмкіндігі болса ұрлықтың алдын алу мен қатар, қылмыстың жедел ашылуына да зор ықпал жасалар еді.
Президентіміздің биылғы жолдауында цифрландыру мәселесіне ерекше басымдық берілді. Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев былтыр халыққа арнаған Жолдауында: «Ең алдымен цифрлы теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керек. Бүгінде бұл жолдар мен электр қуаты сияқты негізгі қажеттілікке айналып отыр. Әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары компьютерлік техникамен және сапалы интернетпен қамтылуы тиіс. Осы жылдың соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар ауылдардың барлығына интернет жүргізіледі»,- деп нақты атап көрсеткен болатын. Алайда, мұндай игіліктен қызылқұмдықтардың шет қалуы өте өкінішті болып отыр. Осы орайда, ол жақтағы ағайынның да мұң мұқтажына құлақ асатын уақыт келген сияқты.
Құрметті Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Батырбекұлы Мусин мырза! Жоғарыда аталған мәселелерді назарға алып, оң шешімін табуына ықпал жасауыңызды сұраймын.
Сатыбалды ЖҮНІСБЕКОВ.