ТҮРКИЯЛЫҚ КОМПАНИЯ ҚАЛАҒА ТЕМІРЖОЛ МЕН ТРАМВАЙ ҚҰРЫЛЫСЫН САЛУҒА НИЕТТІ

Шымкент инвесторлар үшін тартымды қала. Осы аптада қалаға Түркия Республикасының іскерлік топ өкілдерінің келуі соның жарқын мысалы. Іскерлік топ өкілдерімен қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков кездесті.

Кездесуге «Yapiray» компаниясының бас директоры Тарык Кынжал мен оның жетекшілері, сәулетші және дизайнерлері қатысты.
Тараптар екі жақты ынтымақтастық аясында қарым-қатынасты одан әрі нығайту туралы пікір алмасты. Қонақтар өз тараптарынан Шымкент қаласына қызығушылықтарын білдіре отырып, «Yapiray» компаниясының жетістіктері мен әлеуетті жобаларын таныстырды. Шойын жол және трамвай құрылысы жұмыстарына қатысты ұсыныстарын білдірді.
Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков аталған жоба Шымкентке толығымен ыңғайлы, экономикаға сәйкес болған жағдайда, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес қажетті қолдау көрсетілетіндігін білдірді. Әзірге тиісті басқарма басшыларына ұсынысты жан-жақты зерттеп-зерделеу мақсатында нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, былтыр Шымкентке 278,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 40,9 процентке көп.
Қала аумағында 2020-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 1,4 трлн. теңгені құрайтын 157 инвестициялық жобаның базасы қалыптастырылған. 2020 жылы жалпы құны 88,8 млрд. теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба іске асырылып, 2000 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылған.
Бүгінде индустриалды аймақтардың жер учаскелері 100% жобаларға толған. Бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай дамыту мақсатында 306 гектар жерге жаңа «Жұлдыз» индустриалды аймағын құру жұмыстары жүргізілуде.
Соған сәйкес, 260 га жер учаскелері мемлекеттік мұқтажға алынып, мемлекеттік актісі әзірленді. Құрылыс жұмыстарын жүргізу мерзімі 2021-2022 жылдарды құрайды. Аталған индустриалды аймақта негізінен құрылыс, металлургия және жиһаз өнеркәсібін дамыту көзделген. Бұл қаланың инвестициялық белсенділігін арттыратын болады.