ӘЙЕЛДЕР МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ АНАЛАРДЫҢ ДЕРБЕС ШОТЫНА 14585 ТЕҢГЕ ТҮСЕДІ
Шымкент әкімдігі 8-наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Алтын» және «Күміс» алқа иегерлерінің шотына бір реттік төлем түсіреді. Мерекелік қаржылай көмек көп балалы аналарға жыл сайын жергілікті мәслихаттың шешіміне сай беріліп келген. Осы жылғы шешімге сай жергілікті бюджеттен 149 млн. теңге бөлінген.
Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мәлімдеді. Бір реттік төлемнің көлемі 14585 теңгені немесе 5 АЕК-ті құрайды. Қалада мұндай тартуға ие болатын алты және одан көп баласы бар аналардың саны 10 мыңнан асады.
Бір реттік төлемді алу үшін ешқандай құжат өткізудің қажеті жоқ. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мерекелік төлемді төлеуде зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың деректер базасындағы мәліметке сүйенеді.
Орталық таратқан деректерге сүйенсек, үшінші мегаполисте жылдан-жылға «Алтын» және «Күміс» алқа иегерлерінің саны көбейіп келеді. Мұндай қаржылай төлем былтыр 9500 көпбалалы ананың дербес шотына түскен болатын.
«Уақыт».