41 ОҚУШЫ «ЕЛБАСЫ МЕДАЛІН» АЛДЫ

Шымкентте «Елбасы медалі» бағдарламасының екінші кезеңі бойынша топ жарғандар анықталды. Аталған бағдарлама аясында оқушылар спорт, кітап оқу, волонтерлік, ұлттық мұра, туристік, дарындылық пен дағдыны дамыту бойынша жетістікке жеткен 41 жас «Елбасы медалі» марапатталды.

«Дарын» орталығының ұйымдастыруымен өткен салтанатты жиында Zoom бағдарламасымен байланыс орнатқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан «Елбасы медалі» жобасының барлық шарттарын сәтті орындаған оқушыларды құттықтады.
— Атаулы жобаның мақсаты – дарынды ұл-қыздарды қолдау, жауапкершілік пен табандылық сезімін дамыту болып табылады. Оларды алға қойған мақсаттарына ұмтылдыру. Бұл марапат сіздердің жетістіктеріңіздің бастауы болады деп ойлаймын. Бағдарламаға қатысу арқылы жастар өз уақытын басқаруға, мақсат қоюға, оларға жүйелі түрде қол жеткізуге, салауатты өмір салтын ұстануға және үнемі өзін-өзі дамытуға үйренеді. Баршаңызға шығармашылық табыстар тілеймін,-деді ол.
Аталған бағдарламаның негізгі символы — жетістіктің 7 жебесіне баланған. Ол жасөспірімдердің қабілетін дамытуға, жас қазақстандықтардың рухын биік ұстауға, жаңа ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған.