ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ДАҚПЫРТ ДЕРЕГІНЕ ДАУА БАР МА?
Еліміздегі әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Болат Төкежанов Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында медициналық қызметтердің сапасы мен көлемі бойынша 1,2 млн. астам кемшілік анықталғанын алға тартты.
Дертке шипа береді деген медициналық ұйымдардың шала тірлігі үшін 9,2 млрд теңге айыппұл салынған. Бірақ ақ халаттылар жол берген кемшіліктер үшін салынған айыппұлдар денсаулық жағдайы кері кеткен адамдардың халін оңалта алмайтыны анық.
Басқарма төрағасының сөзінше анықталған 1,2 млн.нан аса кемшіліктің 60 пайызы адамдарға көрсетілген «сапалы» медициналық қызмет көлемінің жасанды өсуі болып отыр. Ал заң бұзушылықтың 15 пайыз үлесі есеп құжаттарын қате толтырумен байланысты. Сонымен қатар 9,6 пайызы емдеу және диагностика шараларын орындау барысында стандарттар мен клиникалық хаттамалардан негізсіз ауытқыған деректер құрайды. Келесі кемшіліктер қатарында науқастардың диагнозын жасанды қиындату, стационарға жатқызбау, медициналық көмек көрсетпеу, қызметтер «көрсетілді», дәрі дәрмектер «берілді» деген жалған құжаттар толтыру жағдайлары болып табылған.
Әлеуметтік медицналық сақтандыру қоры 2020 жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 300 млн. теңгеге жуық 21 мыңнан астам қызметтің шын мәнінде орындалмағанын анықтады.
Ауадан ақша жасаудың мұндай механизміне тосқауыл қою үшін сақтандыру қоры осы жылы сапаны бақылау жүйесіне өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта медициналық қызметтерді көрсету тәртібі мен пациенттердің құқығын бұзуға әкеп соғатын жағдайлар мен себептерді анықтау және алдын алуға бағытталған проактивті мониторинг (смс-хабарлама арқылы) енгізілмек. Сонымен қатар 45 күн ішінде анықталған кемшіліктерді жою міндеті жүктеледі. Аталған уақытта кемшіліктер жойылып, орындалуы тиіс міндеттер орындалмаса қызметті ұсынушы ұйым айыппұл арқалайды.
Сақтандыру қорының басшысы орта медицина қызметкерлерінің қызметіне қатысты ескерту айтты. Ол медициналық ұйымдардың басшылары медбикелердің медициналық құжаттарды дұрыс толтыруын, дәрігерлердің тағайындауларын уақытылы орындауын жүйелі түрде тексеріп, сараптау қажеттігін атап өтті. Енді қатесіз жазуды оқуда жүріп меңгермеген мамандар Төкежановтың сынынан кейін қаншалықты сауаттанып кететінін уақыт көрсетеді.
Айтпақшы, қор басшысы азаматтар өзіне тиесілі ем-домдарды медициналық ұйымдардың сапасыз көрсеткеніне немесе тиісті емді көрсетуден бас тартып жатқанын бастан кешірсе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, @SaqtandyryBot телеграм-боты, fms.kz ресми сайтына хабарлама қалдыру немес 1406 байланыс орталығына қоңырау шалуды ескертеді.