ҚОЙМАЛАРДЫҢ ТАСҚЫН СУДЫ ҚАБЫЛДАУ ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ

Шымкентте жыл басынан бері бүгінге дейін (3-наурыз) 29 өрт тіркелген. Былтыр өткен жылдың тиісті кезеңінде тіркелген өрт дерегі болған. Осы жылғы тіркелген өрт оқиғаларынан 1 адам қаза болып, тағы 1 адам жарақаттанған. Құтқарылған материалдық құндылық 92 млн. 700 мың теңгені құраған.

Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының м.у.а Аманбек Бейсембаев мәлімдеді.
Тіркелген өрт жағдайының басым бөлігі жеке тұрғын үйлер мен автокөліктерде орын алған. Атап айтқанда, тіркелген өрттердің 13-і тұрғын үйде, 13-і автокөліктерде, 3 жағдай газ балондарды пайдалану кезінде орын алған. Төтеншеліктер жеке тұрғын үйдегі өрттің негізгі себебі жылыту құралдары болса, көліктерде қозғалтқыш бөлігіндегі электр сымдарының қысқаша тұйықталуы мен газ құрылғыларының ақаулығынан болатынын алға тартады.
Өз кезегінде Аманбек Бейсембаев өртті алдын алу мақсатында тұрғын үй секторын тікелей аралау арқылы халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Департамент басшысы мамандар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында бірқатар тұрғын үйлер қолдан жасалған газ сыйымдылықтарын (5 кубтық резервуар) пайдаланып жатқаны анықталғанын, бұл жөніндегі қажетті мәліметтер жинақталып, газ-техникалық инспекцияға шара қолдану үшін жолданғанын жеткізді.

Айта кетейік, қазіргі таңда қала аумағында 2019-2020 жылдары салынған 31 көпқабатты үй және бұрыннан келе жатқан 15 көпқабатты үй орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмаған.
Брифингте департамент басшысының орынбасары Жәнібек Кәрімбаев көктемде болуы мүмкін су тасқынына қарсы шаралар туралы баяндады.
Оның сөзінше қаладағы 4 су қоймасының жағдайы қанағаттанарлық. Оларға алдыңғы жылдары меншік иелерімен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Су қоймаларының толуы 15-42% құрап отыр. Яғни, су қоймаларында тасқын суларды қабылдауға жеткілікті қор бар.
Көктемгі су тасқыны қауіпті маусымында департаменттен 245 адам, 20 техника және 17 жүзу құралдары, 41 мотопомпа, Ұлттық ұланнан 100 адам және 6 техника, Полиция департаментінен — 90 адам және 6 техника бірлігі, коммуналдық қызметтерден 550 адам, 65 бірлік жабдықтар (автомобиль цистерналары, вакуумды AЦВ) және 19 бірлік мотор сорғысы (ЖШС «ЛТД-Турмыс», «Югдорсервис», «Бәйтерек-LB», «Нуртау СЕРВИС»)дайындыққа келтірілген.
Су тасқыны кезеңінде авариялық құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізуге қала әкімдігі тарапынан 48 мың дана қап пен 18 тонна құм дайындалған. Төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен халықты қабылдау үшін 129 жиналу эвакуациялық пункттері дайындыққа келтірілген.
Сондай-ақ ол, республиканың су тасқыны қаупі бар аймақтарға және ықтымал су тасқыны салдарын жоюға көмек көрсету үшін департаменттен 48 жеке құрам, 7 бірлік арнайы техника, 13 дана мотопомпа, 4 қайық дайындыққа келтіріліп, 14 күнге құрғақ азық-түлік қоры қалыптастырылғанын атап өтті.