ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНА 0,5 ТРЛН. ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛҒАН

Шымкенттегі аумағы 427 гектарды құрайтын «Shymkent City» қалашығы 70 мыңға жуық тұрғынға есептелген. Онда 12 тұрғын үй кешені салынуда. Қалашықта құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйдің жалпы шаршы метрі 1,7 млн.-ды құрайды. Бұл тұрғын үйлер құрылысына 0,5 трлн. теңге инвестиция тартылған. Аталған жобаның жүзеге асырылуы туралы «Шымкент» ӘКК ҰК АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Канкин айтып өтті.

Оның айтуынша, баспаналар құрылысының орталығында көлемі 40 га болатын саябақ алаңы салынады. Ал мемлекет қаржысы есебінен 24,5 га құрайтын 1-ші орамда жалпы құны 27 млрд. теңгеге 43 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 39-ы көпқабатты тұрғын үй. Бүгінгі таңда қалашықта 25 нысан пайдалануға берілген. 23 көпқабатты тұрғын үйдегі 1290 пәтер ел игілігінде.
«Бүгінде «Shymkent City» қалашығында 1048 пәтерлі 16 кредиттік тұрғын үй, 2 инженерлік инфрақұрылым нысаны, жалпы ұзындығы 13,8 шақырымды құрайтын 7 көше және 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталған. Енді сол маңнан балабақша салынады. Қажетті инженерлік-инфрақұрылым тартылған. Мұнда өз алдына модульді жылыту қазандығы бар. Ол мекемелер мен тұрғын үйлерді жыл он екі ай ыстық сумен қамтиды»,-дейді Б.Канкин.
Қазіргі таңда «Shymkent City»-де француз сәулет стилінде 16 қабатты тұрғын үй бой көтеруде. Тұрғын үй кешені аумағында заманауи спорт алаңдары, автотұрақ бар.