ШАҢЫРАҒЫНАН ШАТТЫҚ ӘНІ ШАЛҚЫҒАН

Көбінесы біз газет беттерінде тұрмыстық, өндірістік, шаруашылық төңірегінде жүрген азаматтар жөнінде әңгіме өрбітетін болсақ, бәрібір олардың бойында тамшыдай болса да шығармашылық салаға жақын қасиеттері таразы басын басып тұрады. Осы шығармашылық өкілдерінің болсын, қараша халықтың болсын жастық шақтары кезінде жиі естіп тыңдайтындары орыс эстрадасының әндері болды.

Шаштарын желкесіне дейін ұзарта өсіріп, кала-кала модасымен шалбар киіп, қолы жеткені кешкісін гитара асынып жүретін жастар легі қалыптасты. Сол кезде осы іргеміздегі Жартытөбе ауылында мектептің жоғарғы класс оқушыларынан құралған «Қарлығаш» деген ансамбль болыпты. Осы ансамбль жөнінде арагідік үлкен кісілерден естіп қалушы едім. Кейін сол ансамбль мүшелерін іздестіре бастадым. Сөйтсем бір мүшесі осы Шолаққорған ауылында тұрады екен. Таяуда Темірбай ағаның мекен-жайын біліп алып, үйіне барып қайтуды жөн санадым. Шолаққорғанның бас жағында жаңадан бой көтерген, ақ шаңқан үйлердің бірінен ағаның үйін тауып алып, әңгімелесіп, ансамбль құрамы, оның жетістіктері туралы біршама жайға қанықтым.
-Ол жылдары мектеп қабырғасында болатынбыз. Оқушымыз, күн сайын сабақтан босаған соң жиі басымызды қосып, Мәскеудің эстрада жұлдыздарының, өзіміздің «Дос-Мұқасан», өзбектің «Ялла» ансамбльдерінің әндерін тыңдап, айтып жүріп, өзімізше топ құрайық деп ақылдастық. Топтың атын «Қарлығаш» деп қойдық. Топ мүшелері Уәлиев Балташ, Ыдырысұлы Рашид, Тәңірберген деген жігіттер болды. Сөйтіп жаңа Жартытөбеде жаңа ансамбль пайда болды. Жиын той, ол уақытта комсомолский вечер деген болатын. Ол тойлардың бәрі бізсіз өтпейтін. Ансамбльдің аты ауылдан асып, ауданға тарады. Сол уақытта совхозға бір электрлі гитара келіп, бізді совхоз басшылары шақырып «тарта аласыңдар ма?» деп сұрады. «Тартамыз»,-дестік. Сөйтіп электрлі гитараға қол жеткіздік.
Мектеп бітірген соң совхоз басшылығы бізді, яғни екі баланы арнайы жолдамамен Алматыға оқу орнына конкурсқа жіберді. Одан өтсек студентпіз. Екі баланың ішінде мен де бармын. Алматыға барып конкурстан да өттік. Бірақ эстрада бөлімі толып қойыпты, бізге «режиссерлік бөлімге түсесіңдер ме?»-деді. Комиссия мүшесі белгілі қазақтың өнерлі жұлдызы Жамал апай Омарова екен. Біз:-Эстрада болмаса түспейміз, елге қайтамыз дедік. Ол уақытта онша оқудың парқын түсінбейтін жас екенбіз ғой, содан ауылға қайтып кеттік. Ауылға келіп ауылдық клубта билет кесуші, кейін ауылдық клуб меңгерушісі болдым. 1975 жылы Шолаққорғанға келіп, сол уақытта аты дүркірей бастаған «Қаратау әуендері» тобын құрдық. Сол жылдары бізбен қатарласа аудандық тұтынушылар одағы жанынан «Сарыарқа» тобы құрылып, жетекшісі марқұм Тастанов Бейбіт болды. Одан кейін 1980 жылдары құрылған «Таң» атты ансамбльге мүше болдым. Ол ансамбльде Айтжан Нұрсейітов, Тыныбеков Әмзе, Спатаев Жандәулет, Әміреев Ғарифолла, Батырбеков Сабыр, Балташ, Жүсіп деген өнерлі, әнші-сазгер жігіттер болды.
Облыстық байқауларға барып жүлдемен оралып жүрдік. Шаруашылықтарды, ауылдар мен елді мекендерді аралап ауыл еңбекшілеріне, рухани азық сыйладық. Әкем Әбу өте қарапайым, еңбекқор, шаруа кісі болатын. Анам Есенкүл болса мектепте еден жуатын,-деп Темірбай аға ағынан жарыла әңгіме тиегін ағытты. Әне-міне дегенше келіні Әселдің буы бұрқыраған шайы да келді. Дастархан басында Темірбай ағамыздың жұбайы Әтіркүл жеңгемізді де әңгімеге шақырдық.
-Қарағым, мен Ащысайдың қызымын. Осы ағаңдардың әулетіне жиен болып келемін. Ертеден халқымызда сүйек жаңғырту, жекжаттықты арттыру деген салтпен осы үйге келін болып түстім. Менің әкем Алдаберген Ащысайдағы қорғасын зауытта істеген. Анамыз Торқа отбасы, бала-шаға қасында болып біздерді тәрбиелеп өсіріп, жеткізген жан еді. Өзім Ащысайдағы М.Горький атындағы мектепте білім алдым. Мектептен кейін тұрғын үй құрылыс мекемесінде құрылысшы болдым. Жақсы еңбегіммен көзге түстім. Есімім зауыттың Құрмет тақтасына ілінді. Кентау қалалық кеңесінің депутаты болдым. Арада жылдар өтіп тағдырдың жазуымен болашақ жарым Темірбаймен танысып шаңырақ көтердім. Қазір құдайға шүкір немерелі ата-әже болып, осы балалардың тілеуін тілеп отырмыз,-деді әңгіме үстінде өткен жалынды жастық жылдарын еске алып.
Кешегі кеңес жылдары келмеске кетіп, Тәуелсіздік алған кезде, әсіресе алғашқы жылдары баршамызға қиын болғаны рас. Темірбай аға да өнер, мәдениет саласынан өндіріске ауысып «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-на қарасты «Орталық-Мыңқұдық» кенішінің «Реммонтаж сервис» мекемесіне жұмысқа орналасып, зейнеткерлікке шыққанша абыройлы еңбек етеді.
— Үйленген соң жұбайымыз екеуміз еншімізді алып Жаңатас қаласына қоныс аудардық,-деп Темірбай аға әңгімесін жалғастырды. -1981-2001 жылға дейін сол жақта тұрдық. Мен фосфор фабрикасының жылыту орталығында жұмыс істедім. Кейін жұмыс тоқтап, күн көру қиындап кетті. 2001-2003 жылдары Қызылорда облысына қарасты Шалқия кентіне көштік. Сол жақта шахтада істедім. Одан 2003 жылы осы Шолаққорған ауылына көшіп келдік. Өндіріске жұмысқа кірдім. Балалар жоғары оқу орнын бітіргенше пәтер жалдап тұрдық. Біртіндеп жағдайымыз жақсарды.
Сол кезді еске түсірсем, расында өнер десе ішкен асымызды жерге қоятын кезіміз екен. Домбыра, баян, гитара сияқты аспаптарды еркін ойнай беретінбіз.
Осы Сабыр, Ерғали, Жәнібек деген жігіттер ол кезде кішкентай талдырмаш балалар болатын. Солар біздің ансамбльдің репертуарындағы әндерді, тыңдау үшін Шолаққорғаннан Жартытөбеге жаяу барған кездері болды. Совхоз, аудан басшылары өнерге қатты көңіл бөлді. Апта сайын кино келеді. Клубтың ішінде концерт, кино басталарда шыбынның ызыңы ғана естілетін. Ауыл тұрғындары өнер адамын зор құрметтеп, ыстық ықыласын қол шапалақтауымен білдіріп жататын,-деп Темірбай аға қанаттана, арқалана әңгімелеп өтті.
-Зейнеткерлікке шығып, ұжымымызбен қоштасып жатқанда ұжым, өндіріс басшылары менің өмір дерегімнен хабары болуы керек, маған естелік ретінде гитара сыйлағанда ерекше толқыдым. «Ал, жақсы сау болыңыз!» дей салмай, менің өткен өмір жолымды зерттеп, зерделегеніне, әрбір жұмысшының жеке-жеке адами қасиетіне үңіле білгеніне шексіз риза болдым-дейді өнерпаз аға.
Бүгінде жұбайы Әтіркүл апай екеуі Кәмшат, Нұршат, Ұлшат, Ершат есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп, олардан Дариға, Жібек, Нұрахмет, Асылай, Мүкарам, Әкім, Ескендір, Айкөркем, Дінмұхаммед, Саян, Алуа, Аят деген немерелер сүйіп отыр. Немересі Дінмұхамед саз мектебінің домбыра сыныбында оқиды екен. Кәмшат пен Ұлшат та жоғары білімді қазіргі таңда бала күтімінде отыр екен. Екінші перзенті Нұршат аудан әкімі аппаратында жауапты қызметкер. Қарашаңырақтың тізгініне ие болатын Ершат бүгінде білдей кәсіпкер. Сұлтанбек Қожанов көшесі бойындағы шағын шеберханасында ұялы телефондарды жөндеумен және бөлшек заттарын сатумен айналысып отбасына кіріс көзін тауып отырған азамат.
-Мен де әкем сияқты өнер жолын қумасам да, халықтың мұқтажын өтейтін кәсіппен шұғылданамын. Келушінің жағдайына қарап, әр уақытта қалта телефондарын арзан, әрі сапалы жөндеп беріп, алғысын алуға тырысамын,-дейді заманауи кәсіп иесі. Ершаттың келіншегі Әсел Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебінде ұстаздық етеді екен.
Иә, қарапайым еңбектің қасиеті сонда, қашанда халықтың құрметі мен ыстық ықыласына бөлене жүріп, жақсы істердің басынан, қасынан табыла білу. Бүгінде ата-әже атанған ата-анамызды отбасын құрғандарына қырық жыл толу-лағыл тойымен құттықтағымыз келеді. Жарты ғасырға жуық жанұялық өмірде өмірдің барлық ащысы мен тұщысын бірге көріп, барлық қиындықты бірге жеңіп, бәрімізді оқытып, аяқтандырып ел қатарына жеткізген аяулы жандарға ендігі өмірлерінде тек қуаныш пен жақсылықтардың жаршысы бола беруіне тілектеспіз,-дейді ұл-қыздары. Ендеше өнегелі жанұяның жарқын істеріне тек сәттілік тілейміз.

Мақсат ЖЕҢІСҰЛЫ.