Қолы да, құрсағы да алтын ана

Әйелдердің төл мерекесі-8 Наурыз қарсаңында ауылда, есімдері елеусіз жүрген жандарды елге таныстыру мақсатында мерекелік бетке нағыз кейіпкер жанұяларды іздеген болатынбыз. Осы орайда Қызылкөл ауылына жолым түсті. Берекелі отбасы аталатын Жақсылық көкеміз бен Күміс апамыздың шаңырағы түстік. Апамыз алтын алқалы ардақты ана болып шықты.

Бүгінде ұрпақ өсіруімен қатар, ел еңсесін көтеруде өз үлестерін қосып келе жатқан ардақты ана Наханова Күміс 1947 жылы тамыз айының 25-ші жұлдызында Созақ ауданы Құмкент елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Нахан және шешесі Ұлдаркүл деген кісі болған. Шешесі Ұлдаркүл қатты науқастанып, қайтыс болар алдында үш жастағы қызы Күмісті енесі Ұлтуғанға әкеліп, «мына қызды сіз бағып, өсіріп, қызығын көріңіз» деп аманаттаған. Көп ұзамай шешесі қайтыс болған. Бүлдіршін қыз Темірбек пен Ұлтуғанның қолында тәрбиеленіп өседі. Бойжетіп өскенге дейін Наханның қызы екенін білмейді. Кейін барып мән-жайды Ұлтуған анасы түсіндіреді. Күміс Құмкент ауылындағы он жылдық Қ.Сәтбаев атындағы жалпы мектебін 1966 жылы бітіреді. Мектепті бітірген соң Қызылкөл елді мекеніндегі Зұлпыхар деген кісінің ұлы Жақсылық есімді жігітпен көңіл жарастырып, бас қосып, отбасын құрады. Тұрмысқа ерте шыққан соң бала кезден армандаған жоғары оқу орнына бара алмай қалады. Ол уақытта жолдасы Жақсылық Құмкент совхозында ағаш ұстасы болып жұмыс атқарады. Күміс ана еңбек жолын 1968-1969 жылдары Қызылкөл елді мекеніндегі балалар интернатында аспаз болып бастайды. Одан 1970 жылы көпшілік жаппай қой шаруашылығына бет бұрып жатқанда, отағасы Жақаң да елмен бірге совхоздан бір отар қой алып шопан таяғын қолына алады. Жолдасы Жақсылық бас шопан болса, апамыз көмекші шопан болады. Құдайға шүкір балалардың басы бар. Барлығы шаруаға жарап қалған еді. Мал бағу да оңай емес. Күннің аптап ыстығы мен қарлы, аязды суығында қатар жүріп 1978 жылға дейінгі мал бағып, биік межелерді бағындырады. Алайда еңбек еткен де, табыс тапқан да жақсы, бірақ денсаулық деген нәрсе де бар ғой. Жақсылық көкеміздің денсаулығына байланысты малды өткізіп, 1979 жылдан бастап мектепте бірнеше жыл кіші қызметкер бола жүріп зейнеткерлікке шығады. Өмірге 7 ұл, 3 қызын әкеліп олардың тәлім тәрбиесіне және білімді азамат болып өсуіне ықпалы көп болған ананың бірі. Зейнеткерлікке шықса да тыным таппай отбасының шаруасын бір босаңсытқан емес. Тосап қайнату, құрт, ірімшік, жазғы маусымда жұмыс таусылған ба? Ал қыстыгүні жүн түту, алаша кілем тоқу, көрпе-жастық тігу, тоқыма сияқты қол өнерінен босамайды. Бар ғұмырын еңбек пен бала тәрбиесіне арнаған ардақты ана шаңырағының шаттығы, отбасының берекесіне айналды. Атасы Зұлпыхар өзі имандылық жолында, бес уақыт намазынан жаңылмаған жақсы кісі болған. Ол кісінің алдына ем іздеп келетін адамдардың қарасы көп болатын. Қанша адам келсе де ренжімей қарсы алып, қона жатқан кісілерді қонағындай күтіп шығарып салып отырған.
1989-1990 тоқырау жылдары жұрт ұнға зәру кезде де үйіне келуші адамдар үзілген емес. Сол кезде де өз балаларының да және келген қонақтардың да жайын жақсы жасайтын еді. Өзінің енесі Мырзакүл де сондай кішпейіл адам болған. Жанына жалау болып Алладан жалғыз баласының көп перзентті болуын сұрап отырған. Пайғамбарымыздың қасиетті хадистерінің бірінде «ата-ананың разылығын алмаған бала Алланың разылығын ала алмайды» деген. Бұл кісі сол ата- енесінің разылығын алған аналардың бірі. 1989 жылы 25 қаңтарда КСРО-ның «Батыр ана» медалімен, 2010 жылы 31-желтоқсанда Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен «Алтын алқа» алқасымен марапатталған. Өмірдің ыстығымен суығына мойымай сол дүниеге әкелген 10 перзентін өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ананың бірі. Үйдің үлкені Рахима ауыл шаруашылығы институтын бітірген экономист, Алматы қаласында тұрады жұбайы Ерлан фирмада қызмет атқарады. Екінші перзенті Қайып өмірден ерте озды. Қайыптың артында Әлима, Мәдина атты қыздары бар. Үшіншісі Назар болса теміржолда жолсерік, келіншегі Жаухар қазақ-түрік универитетінде әдіскер. Төртінші перзенті Боранкүл үй шаруасында. Күйеу баласы Әлібек кен орнында жұмыс жасайды. Қарашаңырақтағы Нышанғали М. Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде, мектеп басшысының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Нышанның жұбайы Сәрсенкүл атасы мен енесінің қолын ұзартып отырған аяулы келін.
Алтыншы перзенті Нұрғали Жаңатас қаласында тұрады. Комбинатта жұмыс атқарады. Оның жұбайы Нұргүл халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет етеді. Ерғали да қара шаңырақта балабақшада қарауыл. Нағима атты қыздары бастауыш сынып мұғалімі. Оның жұбайы Елдос есепші. Жанғали болса Алматы қаласында тұрады, келіншегі мұғалім. Ұлдың кенжесі Кенжеғали Алматы қаласында фирмада жұмыс жасайды. Оның жұбайы Гүлажар ұстаздық қызмет атқарады.
Көріп отырғандарыңыздай балаларының барлығы түрлі салада қызметтер атқаруда. Қос қарияның Айша атты немересі Алматы қаласында өткен республикалық байқауда домбырадан бірінші орын иеленсе, Маханбет Америка, Түркия, Франция мемлекеттерінде оқушылар арасында өткен өнер байқауына қатысқан. Еркеғали болса медицина академиясында білім алуда. Болашақта ауылға келіп дәрігер ретінде елге қызмет атқармақ ниеті бар.
Міне, Жақсылық көкеміз бен Күміс апамыздың жанұясы егемен елімізге қалтқысыз қызмет жасап жүрген берекелі жандар.
Ардақты ана атанған Күміс апамыз бен оның отағасы Жақсылық көкеміз екеуі 10 перзенттен 26 немере және 9 шөбере көріп отырған қадірменді қариялар. Бейнетінің зейнетін көріп бақытты ғұмыр кешкен ана. Расында, Күміс апаның немере, шөберелері ортасында отағасымен бақытты ғұмыр кешуі, оның ата-анасына және көпшілікке жасаған жақсылықтарының Тәңірден қайтқан игі қайтарымы болса керек.

Мақсат Қарғабай.