ҚЫЗЫЛ СУДАН ҚАУІП ЖОҚ
Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысы Нұрғали Жүнісов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аймақта тасқын су қаупі жоқ екенін айтты.
Департамент басшысының сөзінше облыста тасқын судың болуы қаупі Сырдария өзеніндегі ахуалмен тығыз байланысты. Бірақ қазіргі таңда дария арнасындағы судың ағысы қалыпты. Өзеннен бастау алатын каналдардың да елді мекендерге қаупі жоқ.
Өңірде жалпы саны 40 су қоймасы орналасқан. Қараусыз қалған су қоймалары жоқ. Ал Шардара су қоймасының толуы 77, Көксарай су реттегішінің толуы 37 пайызға жеткен. Өз сөзінде Нұрғали Жүнісов «Сырдария өзені аумағында орналасқан елді мекендердегі дамбаларды қайта зерделеу жұмыстары жүргізілді. Барлық су қоймалар мен өзен сулары департамент қызметкерлерінің күнделікті бақылауында. Көктемгі су тасқыны қауіпті маусымында департаменттің жалпы 284 жеке құрамы мен 34 бірлік техника, 12 дана қайық пен 35 дана мотопомпа дайындыққа келтірілген»,-деді.
Айта кетейік, осы аптада еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облысының кейбір аудандарында көктемгі су тасқыны қаупі төніп тұрғанын хабарлады. Ведомства басшысы аталған өңірлерде қар қоры көпжылдық көрсеткіштен 50 пайызға асып кеткенін айтады.
Сондай-ақ, төтеншеліктер тұрғындарды иісті газдан уланудан сақтанып, өрт қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді. Жыл басынан бастап облыс аумағында 59 өрт дерегі тіркелді. Өрттен 143 млн. 370 мың теңге материалдық шығын келтірілген.
С.НҰРАЙ.