АҚШАСЫН ҚАЛТАДА ЕМЕС, КАРТАДА ҰСТАЙТЫНДАР КӨБЕЙГЕН

Қазақстанда карта арқылы есеп айырысу транзакциясы өскен. Онлайн арқылы сауда-саттық жасау артқан. Былтыр жергілікті карталар арқылы жиыны 52 триллион теңгеге 3,2 млрд. теңге операция жасалған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1,7 есе көп.

Бұл туралы хабарламаны Ұлттық банктің баспасөз қызметі тараттты.
Ұлттық банк мамандары қолма-қол ақшасыз операциялар мен онлайн сауданың алдыңғы жылдан бірнеше есеге өсуін пандемиямен байланыстырады. Карантиндік шектеулерге байланысты азаматтардың картадан ақша шешіп алу операциялары да азайған. 2020 жылы картадан ақша шешіп алу бойынша 297 млн. операция жасалып, төлем карталарының иелері 16,6 триллион теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған. Көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 21 процентке кеміген. Сонымен қатар тауарлар мен қызметтердің ақысын карта арқылы төлеуді өмір дағдысына айналдырғандар саны да еселеп өскен. Тиісінше карта арқылы төлем қабылдайтын кәсіпкерлер саны 108 мыңнан, ал сауда нүктелері 169 мыңнан асқан. 2019 жылмен салыстырғанда, өткен жылы карта арқылы төлем қабылдайтын сауда орындары (26%-ке) мен POS-терминалдардың (26%-ке) да саны өскен. Қазіргі таңда елімізде 203 мың POS-терминал жұмыс істеуде.
Осы жылдың 1-ақпанындағы жағдай бойынша айналымда 49,3 миллион төлем картасы бар. Олардың жартысынан көбі белсенді пайдаланылуда.

С.НҰРАЙ.