«АЛМА ЖЕГІҢ КЕЛСЕ АҒАШ ЕК»
Омаров импорт көлемін қысқартудың тәсілін таныстырды
Елімізде құс еті, шұжық, алма, қант, балық өнімдері, сүзбе мен ірімшік өндірісі ұлғаяды. Ішкі нарықты аталған азық-түлік өнімдерімен молықтыру есебінен олардың импорты қысқарады. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар алдағы үш жыл ішінде орындалады.
Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді.
Агроөнеркәсіптік кешен саласын дамытуда жоғарыда көрсетілген азық- түліктің 6 түрінің таңдалып алынуы тегін емес. Себебі қазіргі таңда елімізде өндірілетін құс етінің көлемі ішкі нарықтағы сұраныстың 58 пайызын ғана жабады. Оны толықтай жүз пайызға жеткізу үшін алдағы үш жылда жалпы қуаты 191 мың тонна болатын 11 құс фабрикасын пайдалануға беру көзделіп отыр. Ал ішкі нарықтың отандық шұжық өнімімен қамтамасыз етілуі 62 процент. Бұл өнімге деген импортқа тәуелділіктен біржола құтылу үшін қуаты 77,8 мың тонна болатын 6 ет комбинаты іске қосылады. Сонымен қатар, жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын іске қосу есебінен сырттан келетін сүт өнімдерін нарықтан ығыстыру жоспарланып отыр. Бүгінде Қазақстандағы сүт өнімдері импортының жалпы көлемі сүт шикізатына қайта есептегенде шамамен 500 мың тоннаны құрайды. Қазақстан нарығы ішкі нарықтағы қажеттілікті өтеу үшін өзге елдерден жыл сайын 144 мың тонна алма алады. Ал тұтыну көлемі 344,3 мың тонна. Тиісті ведомства ішкі нарықтағы сұранысты өз елімізде өндірілген өніммен жабу үшін «алма жегің келсе ағаш ек» тәсілімен жабады. Яғни, алдағы үш жылда Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында 6,6 мың га алаңда жаңа бақ салу есебінен қамтамасыз ету көзделген. Ауыл шаруашылығы министрі жыл сайын қосымша 175 мың тонна қант өндіру есебінен қант тапшылығы мәселесі шешіледі деп сендірді. Бұл үшін межеленген мерзімде Алматы облысындағы қант зауыты жаңғыртылып, Жамбыл облысында қуаты 150 мың тонна болатын жаңа қант зауыты салынады. Сонымен қатар ол, республиканың өз өзін балықпен толық 100 пайыз қамтамасыз ету мәселесіне майлы нүкте қою үшін өндіру қуаты 13,5 мың тонна болатын 8 жобаны іске қосу көзделгенін жеткізді. Жобалардың жүзеге асуы балық өнімі бойынша импортқа тәуелділікті азайтады. Қазіргі таңда еліміз балық өнімдерімен 60,8%-ке ғана қамтамасыз етілген.
Министр ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру туралы мәселенің түйінін осылай сөзбен тарқатып тастады. Ал іс жүзінде атқарылған жұмыс қаншалықты ауыз толтырып айтуға тұрарлық болатынын уақыттың өзі көрсетеді.
Айта кетейік 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,6%-ға артып, 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең үлкен өсім. Бұл ретте, тамақ өнімдері өндірісі 4%-ға өскен.
С.НҰРАЙ.