ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ ҚҰРЫЛЫСҚА 20 МЛРД. ҚАРАЛАДЫ

Былтыр атқарылған жұмыстардың есебінен Түркістан облысында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 79 пайызды көрсеткен. Биыл бұл көрсеткішті 81,4 пайызға дейін арттыру жоспарланған. Осы бағытта бюджеттен 19,9 млрд. теңге бөліну көзделіп отыр.

Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов аппарат отырысында айтты.
Бөлінген қаржы есебінен аймақтағы 156 нысанда немесе 538 шақырым жолдар мен елді мекен көшелеріне құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы жаңадан салынған әуежайға баратын 16,3 шақырым жол пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, «Түркістан-Кентау» бағытындағы ұзындығы 19 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аталған құрылыс нысанында аяқжол, веложол, жарықтандыру жұмыстары да орындалады.
Түркістан қаласына Кентау қаласынан кіреберіс 26,6 шақырым жолды жөндеу жұмысы жүргізіледі.
Ал, «Түркістан-Балтакөл», «Түркістан-Қарнақ-Кентау», «Кентау-Ащысай» бағыттарындағы 113,2 шақырым автомобиль жолдары күрделі және орташа жөндеуден өтеді.
«Шардара-Темірлан» бағытындағы жалпы ұзындығы 162,6 шақырым жол күрделі және орташа жөндеуден өтетін болады.
«Шымкент-Ақсукент», «Ақсукент-Қарамұрт», «Шымкент-Көксәйек» бағыттарындағы 50 шақырымнан асатын күре жолдар да жөнделеді. Сонымен қатар, Мақтаарал, Жетісай, Келес аудандары аумағында ұзындығы 50 шақырымға жуық жолдар жөнделеді. Бұдан бөлек, осы аудандарда жалпы ұзындығы 184,6 шақырымды құрайтын 11 облыстық маңызы бар автомобиль жолдары жаңарады.
Айта кетейік, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 637 шақырымды құрайды. Былтыр автомобиль жолдарын дамытуға бюджеттен 54,8 млрд. теңге бөлінген.

С.НҰРАЙ.