ЖҮРГІЗУШІ КУӘЛІГІНСІЗ ЖҮРУГЕ БОЛҒАНМЕН, КӨЛІКТІ ЖУМАЙ ЖҮРУГЕ БОЛМАЙДЫ

Өткен сенбіден бастап жүргізушілерді жүргізуші куәлігі мен техникалық құжатын өзімен бірге алып жүру міндетінен босататын заң күшіне енген болатын. Аталған құжаттарды үйінде, жұмыс орнында, басқа көлігінде ұмытып кеткен жағдайда ескерту алып немесе айыппұл төлеуден босататын мұндай заң автомобильі шетелде тіркелген, жүргізу куәлігін өзге елден алған азаматтарға қатысы жоқ екенін айта кетейік.

Дегенмен де тәртіп сақшылары жол ережесіне қатысты өзге талаптардың сақталуын барынша назарға алмақшы.
Мәселен, Түркістан қаласының жол патрульдік полицейлері сырты ластанған автокөлік қозғалыстарын қатаң бақылайтын болады. Тіпті көліктер сыртының ластанғаны соншалық сақшылар мемлекеттік тіркеу нөмірін оқи алмайтындай күйге түссе, жүргізушілерге айыппұл салынатын ескертеді.
Облыстың тәртіп сақшылары мұндай ескерту құрылыс алаңдарынан шығатын жүк көліктері мен арнайы техникаларға көп қатысты екенін ескертеді. Олар жол қауіпсіздігі ережесінің сақталуы үшін көліктердің дөңгелектері мен корпусы лай-балшықтан тазартылған болуы тиістігін айтады. Жалпыға ортақ бұл талапты жан жақты түсіндіру Түркістан қалалық Полиция департаменті қызметкерлері мердігер мекемелер мен жүргізушілерге ескерту жасау жұмыстарын жүргізуде. Құзырлы орган құрылыс нысандары көлік жуатын жабдықтармен қамтылып, үлкен жүк көліктері нысаннан шығарда таза шайылуы шарт екенін айтады. Және де олар тәртіпке бағынбаған көлік иелеріне әуелі ескерту берілетінін, жағдай қайталанса айыппұл салынатынын алға тартады. Тәртіпке бағынбаған көлік иелеріне бірінші рет түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескерту жасалады. Қайталанған жағдайда, айыппұл салынады.
Жыл басынан бері осы тұрғыдағы заң талаптарын сақтамаған жүргізушілерге Қазақстан Ресупубликасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Заңның 630-бабы бойынша 500-ден аса әкімшілік хаттама толтырылған. Қаладағы автокөлік жолдарын ластағаны үшін жеке тұлғаларға салынатын айыппұл мөлшері шамамен 3 мың теңге көлемінде. Жағдай қайталанса, 15 мың теңгеге дейін айыппұл төлеу міндеттеледі.