ҚЫСЫ ЖҰМСАҚ КҮНГЕЙДЕ 30 ШАҚЫРЫМ ШАҢҒЫ ЖОЛЫ САЛЫНАДЫ
Төлеби ауданында туризм саласын дамыту үшін «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасының маңызы зор. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтың бастамасымен жобаны жүзеге асыруға инфрақұрылым жүргізу үшін биыл облыстық бюджеттен 2 млрд. 920 млн. теңге қаржы қаралған.
Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Жобаны жүзеге асыруға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің асығуының өз жөні бар. Егер «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» іске қосылса, шаңғы жолдарының ұзындығы 30 шақырымға жетпек. Бұл бір мезетте 11 мың адамның демалуына мүмкіндік береді.
Ауданда туризм саласын жан жақты дамыту мақсатында «Қоғалы» ауылдық округінде жеке инвестиция есебінен саумал-сауықтыру кешенінің ашылуы жоспарлануда. Оның жалпы құны 200 млн. теңге. Кешеннің сыйымдылығы 100 орынды құрайды. Онда 15 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Бұдан бөлек, өңірде «Қаратау» ЖШС есебінен инвестициялық құны 200 млн. теңгені құрайтын демалыс кешені ашылады деп күтілуде. Ғимараттың сыйымдылығы 50 адамға лайықталған. Сонымен қатар, Қасқасу ауылдық округінде «Top resort» ЖШС есебінен инвестициялық құны 187 млн. теңгені құрайтын демалыс кешенінің ашылуы жоспарлануда.
«Уақыт».