Түркістанда жаппай көкпар өткізу неге тоқтамай тұр?

«Жылқы мен әйелден кейінгі кезекте қазақтар балаларын жақсы көрген. Жоқ, олай емес-ау. Қазақтар ең алдымен балаларын, одан кейін жылқыны, содан соң ғана әйелді жақсы көрген. Тіпті де олай емес. Шамасы, қазақтар бәрінен де тұлпарды жақсы көрген, содан кейін ғана әйел…
Әлде олай емес пе?».
Белгілі режиссер Ермек Тұрсынов «Қарашаңырақ» атты туындысында осылай деп ой толғайды. Шынында да қазақ азаматының бала, әйел, жылқыға келгенде қайсысын бірінші орынға қоятынын дөп басып айту қиын. Дегенмен де қазақ үшін, қазақ азаматы үшін жылқының орны өзінше алабөтен. Олар көзін тырнап ашқаннан бастап Қамбар ата төлінің құлағында ойнауды меңгеруді асыл парызға балаған. Сондықтан да болса керек, қазақ ұрпағы атқа байланысты бәйге, көкпар тарту, аударыспақ, теңге тарту және тағы басқа ойындарға епті келеді. Ал көкпар ойынына деген құрметі ерекше. Жігіттің ат үстіндегі шеберлігі мен ептілігі сыналатын көкпар десе қазақ қашаннан бері ішкен асын жерге қоятынын бәріміз де жақсы білеміз. Тіпті қазіргі пандемияға байланысты көкпарды өткізуге шектеу қойылса да, ата-бабадан қалған асыл мұра – көкпар ойынын өткізу Түркістан облысында тоқтамай тұр.
Мәселен, өткен жылдың қарашасында Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданында тәртіп сақшылары тұрғындардың карантиндік шараларды сақтауының алдын алу бағытындағы кезекті рейд жүргізуі кезінде көкпар ойынын тоқтатқан. Мұндай жағдай жыл басынан бері Ордабасы, Мақтарал, Жетісай, Қазығұрт, Төлеби аудандарында бірнеше рет тіркеліп отыр. Ас беру құрметіне орай ұйымдастырылған көкпар ойынын ұйымастырушыларға ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша хаттама толтырылып, жауапкершілікке тарту көзделген. Мынадай қысылтаяң кезеңде көкпар ойынын өткізу санитариялық ережегі қайша екені туралы түсіндірулер талай рет айтылса да, көкпарды өткізуге бел буғандар алған бетінен қайтпай отыр. Осы дүйсенбіде Қазығұрт ауданында өткізілген заңсыз көкпар ойынын тоқтатпақ болған полицейлерге қарсы тұрғындар оқ атқан жағдай тіркелді. Ойын үшін полицейлерге қару кезенген төрт адам құрықталды. Қазіргі таңда қамауға алынған төрт күдікті тергелу үстінде.
Жоғарыда көкпар ойынын заңсыз ұйымдастырғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша хаттама толтырылатынын айта кеттік. Аталған заңда Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi, техникалық регламенттерді адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқпаған бұзушылық жеке тұлғаларға – отыз, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – екі жүз отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз он, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – бір мың алты жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келетіні көрсетілген. Былай қарасаңыз осы бапты белден басқандар үшін каралатын айыппұлдың ең азы 30 айлық есептік көрсеткіш. Оның өзі аз ақша емес. Соған қарамастан бірқатар азаматтардың тәртіп сақшыларының назарына түсіп, айыппұл төлеп, қалтадан қағылуға саналы түрде баруының сыры неде? Біз бұл сұраққа жауап табу үшін Түркістан облысы көкпар федерациясының төрағасы Ғани Ахметбаевпен хабарласқан едік. Ол былай деп ой бөлісті.
– Көкпар өткізуден шабандоздың ғана қанжығасы майланады. Ал ұйымдастырушы одан түк пайда таппайды. Бұл аламан ойын қандай да бір бақай есеппен ұйымдастырылмайды деген сөз. Керісінше оны ұйымдастырушы азамат жиған дүниесін жұртпен бөліседі. Алла разылығы үшін. Ата- бабамыздан келе жатқан асыл мұрамызды бүгінгі ұрпаққа насихаттау үшін. Бұл бизнес емес.
– Азаматтар заңға қайшы екенін біле тұра көкпар ұйымдастыруға неге құмбыл?
– Қазір коронавирусқа байланысты қабылданған көп шектеулер экономикаға айтарлықтай кері әсерін тигізді. Оқшаулану тәртібі біраз жұрттың әсіресе, ауылдағы ағайынның көңілін пәс етіп отырғаны да жасырын емес. Олар тамашалайтын қызық та аз ғой. Сол көкпар ойынымен көңілдерін серпілтіп үйреткен ауыл халқына пандемия оңай тимей отыр. Сол үшін де көкпар өткізуге мүмкіндік берсе дұрыс болар еді… Ал айыппұлды кімнің төлегісі келеді. Бірақ жаны жомарт адамдар «жарайды мен төлейін, бірақ көпшіліктің қызықшылығына кедергі жасамаңдар деп» лажсыз айыппұл арқалап отыр.
– Көкпар ойынын ұйымдастырушыларға Сіз хабарласып, өз кеңесіңізді айттыңыз ба?
– Иә. Жуырда теледидарға шығып, өз үндеуімді жасадым. Бірақ оларға мен талап қойып, бұйрық бере алмаймын. Тек өз ойымды айттым. Алайда тоқтам жоқ. Дегенмен де біз бұл мәселеде «өгіз өлмейтін, арба сынбайтын» жол табылғанын құп көреміз.
– Қандай?
– Қазір мал базары, азық-түлік, киім базарлары бәрі жұмыс істеуде. Сауда орындары да жұмыс істеуде. Көкпар ойыны ашық алаңда өткізіледі. Ауруды жұқтыру қаупі төмен. Осыларды ескеріп, көкпар ойынын өткізуге неге рұқсат бермеске? Дәл осындай оймен жуырда бір топ ардагерлер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 100 адамнан аспайтын жаппай көкпар ойынын өткізуге рұқсат беруді сұранып хат жолдадық.
Маған үлкен қариялар телефонмен базынасын айтады. «Қашан ойын өткізуге рұқсат алып бересіңдер?» деп. Облыстың бас санитар дәрігері кабинеті есігінің тұтқасын қанша тарттым. Мамандар қазір рұқсат жоқ екенін айтудан ары аспауда. Бұрын Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамған кезде ата-бабамыз тау сауғалап жасырын түрде көкпар өткізген. Сол заманда қазақтар тоқтай алмағанда, қазіргідей бейбіт күнде тайсала қоюы шынымен қиын.
Орыс балық аулауын қоймайтыны сияқты, қазақ та көкпар ойнағанын қоймайды. Рұқсат берсе дұрыс болар еді. Жаппай көкпардан елге шығын келіп жатқан жоқ.
– Көкпар ойыны бойынша Түркістан облысы республикада нешінші орында?
– Біз ұлттық спорт түрінің барлық түрінен бірінші орында келеміз. Бір ғана мысал. Таяуда сегіз салмақ дәрежесі бойынша өткен аударыспақтан «Түркістан облысы әкімінің Кубогіне» арналған ашық республикалық турнирде балуандарымыз бес алтын, бір күміс, үш қола медалін алып, топ жарды. Командалық есеп бойынша да бірінші орыннан көрінді. Мұндай жоғары көрсеткіштердің барлығы көкпар ойынының арқасында. Біз шабандоздарды осы көкпар ойындары арқылы таңдаймыз. Содан соң көзге түскен ойыншының шеберлігін шыңдаймыз. Сондықтан да мен жаппай көкпар ойынының өтуіне рұқсат берілгенін қолдаймын.

С.ИБРАГИМОВА.