СҰЛТАНОВ ШЕШІМ СӨЗІН ҚАШАН АЙТАДЫ?
Қазақстанның іргедегі Өзбекстан елімен қарым-қатынасында Мақтаарал ауданы маңызды орын алады. Себебі, Мақтаарал ауданы Өзбекстанға тым жақын орын тепкен. Ауданда көрші елмен алыс-беріс және барыс-келісті реттеп отыратын үш шекара өткізу бекеті жұмыс істейді. Аудандағы «Атамекен» кедендік бекеті мен «Сырдария», «Целинный» шекара өткізу бекеттері арқылы күніне жүздеген жеңіл көліктер мен жүк көліктері өткізіледі. Көрші Өзбекстан Республикасының Сырдария және Жызақ облыстарына қарасты төрт аудан дәл осы Мақтаралмен шектеседі. Мұндай географиялық орналасуды екі ел арасындағы сауда-саттықты дамытуға тиімді пайдалансақ іс ілгері басатыны анық.
Еліміздің Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов және облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрбақыт Иманқұлов Мақтаарал ауданына іс-сапарымен барып, шекара маңындағы бекеттердің жұмысымен танысу кезінде осындай ой айтылды. Бұл ретте халықаралық сауда кешенін құрудың пайдасы мол.
Мұндай бастаманы 2018 жылы сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтеріп, Үкіметке «Орталық Азия» халықаралық сауда экономикалық ынтымақтастық орталығын құру туралы тапсырма берген. Осы жылдың 26- қаңтарындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы айтқан осы тапсырманы жүзеге асыруды жеделдетуді шегелеген. Сиырқұйымшақтанып кеткен бастаманы қолға алуға кірісу үшін тиісті министрлік Мақтаралға қарай келген. Министр Бақыт Сұлтанов «Целинный» және «Сырдария» шекара өткізу бекеттері алаңында халықаралық сауда орталығын құрудың мүмкіндіктерін пысықтады. Аудан әкімі Бақыт Асанов шекара өткізу бекеттерінің баянды бастаманы жүзеге асыруға мүмкіндігі жететінін айтты. Ол «Мақтаарал ауданында Ұлы жібек жолының бір тармағы саналатын М-39 «Ташкент-Термез» бағытындағы магистрал дәлізі бар.
Осы автомобиль жолын пайдаланып, өңірде сауда-саттықты жоғары деңгейде дамытуға болады. Мәселен, бір кездері халықаралық деңгейде қызмет көрсеткен бетонканың бойындағы «Сапар» базарын халықаралық деңгейде қайтадан дамытсақ, өңірде мыңдаған адамды жұмыспен қамти аламыз»,-деді.
Айта кетейік, «Сапар» базарын қазіргі заманға сай жаңғыртудан өткізу 2019 жылы жүргізілген. Ауқымды жұмыс базар иесінің өз есебінен атқарылған. Нәтижесінде тұтынушыларға ыңғайлы жағдай жасалып, қосымша 100 адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, Б. Сұлтанов «Атамекен» кедендік бекетіне де барды. Аталған бекетте жүк көліктерінің кептеліп тұратыны туралы мәселе біраз жыл күн тәртібінен түспеген еді. Жол қатынасын айтарлықтай қиындатататын мұндай сапырылыс дәл қазір бекетте саябырсыған.
Мәселені түпкілікті шешу мақсатында кедендік бекеттің аймағын көріктендіру, көгалдандыру, кеңейту жоспары жасалған. Жоспарға сәйкес, шекара маңынан сауда логистикалық орталығын құру, оның ішінде сауда базарлары, қонақ үй, автотұрақ, қоймалар, тұрғын үйлер мен түрлі спорттық алаңшаларды салу көзделген. Қазіргі таңда автотұрақ пайдалануға берілген. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің есебінен басқа да нысандар салыну жұмыстары басталған.
Сапарды қорытындылаған министр Бақыт Сұлтанов халықаралық сауда орталығы нақты қай бекетте құрылатынын айтпады. Ол маңызды нысанды құру үшін таңдалатын бекет туралы жан-жақты зерттеліп, жоспар құрылып, шешім шығарылатынын айтты.
Бірақ Сұлтанов шешім сөзін қашан айтатын айтпады.