ХАЛЫҚТЫҢ 99 ПАЙЫЗЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛҒАН…
Асқар Маминнің мәлімдемесі таң қалдырды
Кешегі аптада еліміздің Премьер-министрі Асқар Мамин Алматыда өткен цифрлық «Digital Almaty 2021» халықаралық форумында Қазақстан халқының интернетпен қамту көрсеткіші 99 процентке жеткенін айтып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұл жиынға ЕАЭО елдерінің Премьер-министрлері қатысқан. Форумдағы Асқар Маминнің бұл мәлімдемесі былайғы жұртты таң қалдырды. Былтыр наурыздан бастап пандемияға орай қабылданған карантиндік режимге байланысты сабақты онлайн оқып, жұмысты қашықтан атқару өмір дағдысына айналған шақта еліміздің сандық технологияға түбегейлі өтуі әлі ерте екені, ауыл тұрмақ қаланың өзінде интернет сигналының әлсіздігі немесе жоқтығы соған негіз екені туралы мысалдар жетерлік. Өкінішке орай бұл олқылықты реттеу үшін мемлекет басшысы талап етіп, Үкіметке тиісті тапсырмаларды берудей-ақ беріп келеді. Тым алысқа бармай-ақ кешегі қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында локдаун цифрландыру саласында шешілмеген түйіткіл көп екенін анық көрсетіп бергенін айта келе «Халықтың тағы бір проблемасы – интернеттің қауіпсіздігі мен жылдамдығының төмендігі. Байланыс операторлары тарифтік жоспарды үнемі өзгертіп, бағаны көтеріп жатады. Бірақ интернеттің жылдамдығы мен сапасы сол күйі қалады. Үкіметке осы саладағы тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесін жетілдіруді және ұсынылған параметрлердегі едәуір айырмашылық үшін жауапкершілік енгізуді пысықтауды тапсырамын», — дегені естен кете қойған жоқ. Егер Маминнің «халықтың интернетпен қамту көрсеткіші 99 процентке жетті» дегені айна қатесіз болса, мемлекет басшысы бұлай шырылдамас еді ғой.
Бұл аз десеңіз, Қазақстан интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабыров елді интернетпен қамту көрсеткішінің 2019 жылы 82,3%, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында 84,2% құрап, жыл аяғына дейін 99%-ға бір-ақ жеткеніне сенбейтінін ашық айтады. Ол бұл сандерекке күмәнмен қарайды. Шавкат Сабыровтың болжауынша, біздің елде оның үлесі 62-64 пайыз айналасында болуы мүмкін. Маман мұндай территорияны дәл қазір интернетпен қамту мүмкін емес екенін айтады. Алматыдан бар болғаны 20 шақырым қашықтағы ауылда интернеттің жоқ екенін тілге тиек еткен Шавкат Сабыров Семейден 500 шақырым алыстағы ауылға да ешбір инвестор интернет жеткізуге тәуекел етпейтінін мысал ретінде келтіреді. Себебі ол жерге құйылған қаржыны инвесторды аз уақытта өндіріп ала алмайды. Шалғайда жатқан осы сынды ауылдардың көптігін қаперге алған ол, 2025 жылдың өзінде Қазақстанның интернетпен қамтылуы 99 пайызға жетпейтіні жөнінде тұжырым жасайды.
Және ол бұл деректі салалық минстрліктің Үкімет басшысына ұсынған ботқасына теңеді.
Үкімет басшысы Асқар Маминнің бұл мәлімдемесінен кейін бірқатар белсенділер, сарапшылар интернет былай тұрсын ұялы байланысқа жарымай отырған ауылдардың әлі жетерлік екені туралы шынайы мысалдарын желі арқылы жариялап жатты. Біз өзге өңірлерге «саяхаттамай-ақ» мегаполис мәртебесі бар Шымкенттегі жағдайды тілге тиек ете кетейік. Былтыр үшінші мегаполистегі бірқатар елді мекендерде оқушылар онлайн платформалар арқылы дәрісін оқу үшін қырға шығып, шатырға мініп жатқаны туралы жағдайлар орын алды. Әкімдік бұл мәселені шұғыл шешу үшін қаланың 11 жеріне байланыс антенналарын орнатылатынын мәлімдеген. Жергілікті билік қаңтар айының соңында бұл бағыттағы жұмыстар әлі толық аяқталмағынын, қазіргі таңда 4 антенна іске қосылса, қалған 7-уін атап айтқанда «Асар», «Асар-2», «Шымсити», «Шымсити-2», «Тұран» және «Ақтас-2», «Айкөл» шағын аудандарында орнатылған базалық станцияларды іске қосу үшін оларды электр энергиясына жалғау жұмыстары жүргізілу үстінде екенін хабарлаған. Және қаланы сапалы интернетпен қамтудың екінші кезеңі бойынша тағы 14 жерге базалық станцияларды қою жұмыстары басталатынын, әзірге антенналар қойылатын жер анықталғанын және олардың координаттары мобильді байланыс операторларымен келісілгенін жеткізген. Ресми мәлімет бойынша базалық станциялар орнатылатын алаңдар «Шымсити» көшесі, А2, Р32 трассасы бойында, әуежай маңында, «Солтүстік-Батыс», «Қайнар бұлақ», «Тұран», «Нұртас», «Тассай», «Қатын көпір», «Құрсай», «Самал-3», «Достық», «Бозарық» шағын аудандары болмақ.
Осы жұмыстар аяқталған соң ғана Шымкенттегі аталған елді мекендер сапалы интернетке қол жеткізетін болады. Дербес деген қаланың өзінде ғаламтор тұтас аумаққа таралмағанда, ауылдағы жағдай одан артық бола қояды дегенге кім сенеді? «Ақпаратты басқаратын адам, ситуацияны да басқарады» деген сөз бар. Үкіметті басқарып отырған адамның интернетсіз ауылдардың көп екенін білмейді дегенге сену қиын. Соған қарамастан көзі қарақты, құлағы түріңкі адамның бұлайша сайрауының себебі не?
Айтпақшы осы форумда Асқар Ұзақбайұлы бес жыл ішінде барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар 5G желісімен қамтылатынын да айтты. Ал ІТ мамандар болса 4G желісі толық игерілмеген елде 5G-дің енгізілуіне асығу қисынсыз деген пікір білдіреді.
С.НҰРАЙ.