ОНЛАЙН ЕСЕП ӘКІМДЕРДІҢ ОҢ ЖАМБАСЫНА КЕЛДІ
аудан басшылары халыққа қандай уәде берді?
Шымкентте аудан әкімдерінің тұрғындарға 2020 жылдың қорытындысы бойынша есеп беруі аяқталды.
Осы жылдың 25-қаңтарынан басталып, 5-ақпанға дейін жалғасқан есеп беру шарасы жылдағыдай мәжіліс залдарында, жүздеген тұрғындардың тамашалауымен емес, санаулы адамдардың қатысуымен онлайн форматта өткізілді.
Әкімдердің есебіне тұрғындардың қатыспайтыны, пандемияға байланысты қашықтан өтетіні алдын ала хабарланды. Және тұрғындар тарапынан қандай да бір сұрақтар болса, хабарландыруда көрсетілген желі парақшаларына жолдануға болатыны да айтылды.
Бірақ тікелей эфирге шақталған 1 сағатқа жуық уақыттың көпшілігі әкімдердің атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары айтылған баяндамасын оқумен өтіп кетті. Сонымен аудан әкімдері халықпен әлеуметтік желінің эфирі арқылы үш рет жүздескен онлайн есеп беруде қандай уәде берді?
Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов есеп беруінде былтыр 49 топырақ көшенің 26,7 шақырымына шағал тас төселгенін, 8,2 млрд теңге қаржыға 99 көшеге асфальт жол салу жұмыстары атқарылғанын сүйіншілей айтты. Бірақ қазынадан қаралған қаржылар нақты қай көшелерге жаратылғаны туралы ақпаратты тарқатып бермеді. Қазіргі таңда ауданда 34 елді мекен мен 400-ден аса көпқабатты үйлер бар. Көпқабатты үйлерде инфрақұрылымға қатысты мәселе жоқ деп айтуға болады. Бірақ аудандағы 12 елді мекенде атап айтқанда, «Қызылжар», «Игілік», «Жаңаталап», «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Көкбұлақ» «Жаңатұрлан», «Ынтымақ-2», «Ақтас-2», «Солтүстік саяжай», «Құрсай» және т.б. жұрты ауыз суды құдықтан тартып ішеді немесе тасып ішеді. Әкім 2021 жылдың соңына дейін тұрғындарды осы азаптан құтқаратынын айтып уәде берді.
Аудан халқының табиғи газға қол жеткізу көрсеткіші 73,5 пайызды құрайды. Әлі де мекені мегаполис болғанмен тіршілігі қатты отын жағып, күл таситын ауылға көп ұқсас елді мекендер жетерлік. Ал аудандағы 34 елді мекеннің 27-сі яғни 80 пайызы мемлекеттік электр жарығын тұтынады. Парманов қит етсе жарығы жалп ететін «Солтүстік саяжай», «Жаңаталап», «Ынтымық-2», «Айкөл», «Ақжар», «Игілік», «Тәуелсіздікке 20 жыл» елді мекендерін мемлекеттік электр жарығымен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп отырғанын айтып жұбатты. Абай ауданы әкімінің ақпараттық- коммуникациялық орталық алаңында өткен есебіне қатысқан қала басшысы Мұрат Әйтенов қосалқы электр подстанцияларының тұтас қаланы жарықпен қамтамасыз етуге қауқарсыз екенін, жарық мәселесінің түпкілікті шешімі құрылысы қызу жүріп жатқан «Бозарық» подстанциясының іске қосылуымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Шаһар басшысы құрылысы қызу жүріп жатқан «Бозарық» поддстанциясының құрылысы наурыз айында аяқталатынын айтты. Бірақ қалалық Энергетика басқармасы нысанның құрылысы мамыр айында түгесілетінін айтты.
Айтпақшы, Абай ауданының әкімі биыл 44,5 шақырымды құрайтын топырақ жолға 173,6 млн. теңге қаржыға шағал тас төселетінін мәлімдеді. Бірақ нақты қай көше екенін білу туралы әкімге жолдаған сұрағымыға біз әлі күнге дейін нақты жауап ала алмай келеміз. Оның себебі не, сыры қандай екені бізгі жұмбақ болып отыр.
Ал құрылғанына бес жыл толған Шымкенттегі Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов аудандағы халықтың 77 пайызы ауыз сумен қамтылғанын айтты. Тіршілік көзі «Асар-2», «Бозарық», «Исфиджаб», «Қызылсу», «Жаңақұрылыс» шағынаудандары үшін күн тәртібіндегі мәселе болып отыр.
Ауданда халықтың 78 пайызы сапалы электр қуатымен қамтылған. Асар-2 (2 кезең), Бозарық-2 шағынауданы, Достық тұрғын алаптарын сапалы электр жарығымен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжат дайындалған. «Қайнарбұлақ» тұрғын алабын сапалы электр жарығымен қамту бойынша «Береке» мекемесі тарапынан әзірленген жобаға сараптама қорытындысы алынып, 2021 жылдың бюджетіне ұсынылған. Құрылыс жұмыстары 2021 жылға жоспарланған.
Ал аудан тұрғындарының 73 пайызының көгілдір отынға қолы жеткен. Былтыр «Тұран» шағынауданына магистральді газ құбыры тартылған. «Асар-2», «Азат», «Достық», «Қайнарбұлақ» шағынаудандарын газбен қамтамасыз ету жұмыстары биыл да жалғасады. 2023 жылы аяқталуы тиіс АГРС-3 биыл көктемде іске қосылса, Қаратау ауданына берілетін газ қуаты 150 мың текше метрге артады. Нәтижесінде ауданның табиғи газбен қамтылу көрсеткіші көбейеді.
Сонымен қатар аудан әкімі «Нұрсәт» шағынауданындағы 4 үйдің және «Асар» шағынауданындағы 30 үйдің қасбеті демеушілер есебінен ретке келтірілгенін айтты. Бірақ бұл үшін бюджеттен бір тиын бөлінбеген. Бұл үйлердің пайдалануға берілгеніне 5 жылдан аса уақыт тола қоймағанын айта кетейік. Бұдан хабардар кейбір желі қолданушылары «пайдалануға берілгеніне көп бола қоймаған сылағы көшкен бұл үйлерді қабылдап алу кезінде әкімдік қайда қарады?» деп өз ойларын білдіріп жатты. Осы ретте «Асар» шағынауданындағы бес қабатты 30 үйдің құрылысын «Корпорация АҚ ордасы» ЖШС жүргізгенін қаперлеріңізге сала кетейік. Компания үйлердің құрылысын 2015 жылы бастаған. Нысандар 2017 жылы пайдалануға берілген. Арада үш жыл өтпей жатып, жаңа үйлердің сыртқы сылағының сапасы сыр беріп, көркі қашқан. Мекеме басшысы нысанның кепілді мерзімі үш жылды құрайтынын, бұл мерзім өтіп кеткенін, бірақ соған қарамастан демеушілік жасап, өз есебінен қасбеттерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алуға келіскен. «Корпорация АҚ ордасы» басшысының өз қотырын өзі қасығанын былайғы жұрттың біразы жомарт мінезге балап, жарыса жазады.
Ал Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов өз есебінде 2020 жылы 267 ретсіз сауданың жолын кескенін баяндады. Бұл мақсатта 100-ге жуық рейдтік шаралар ұйымдастырылып, мыңға жуық заңсыз жарнаманың көзі жойылған. Сейсмикалық қауіп бойынша аудандағы 34 көпқабатты үйде техникалық зерделеу жұмыстары ұйымдастырылған.
Әкімнің сөзіне сенсек, ауданның сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 94,5 пайызды құрайды. Сонымен қатар ауданның 10 пайызы табиғи газбен қамтылмаған. Сондай-ақ ауданның мемлекеттік жүйедегі электр қуатымен қамтамасыз етілуі 90,6 пайызды құрайды. Ғалымжан Молдабекұлы аталған инфрақұрылым мәселелерінің түпкілікті шешімі 2021-2023 жылдың еншісінде екенін атап өтті.
Ал қаланың орталық бөлігі болып саналатын Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов тұрғындардың ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамтылуы 99,7 пайызды құрағанын атап өтті. Ғабит Мәуленқұлов 195 орамды ауыз су және электр қуатымен қамту жұмыстары аяқталғанын, биыл көгілдір отын тарту жұмысы қолға алынатынын айтты. Ал 276 орамда инженерік инфрақұрылым жұмыстары осы жылы өз шешімін табатынын, нәтижесінде ауданда инженерлік инқрақұрылым бағытындағы жұмыстар толықтай шешімін табатынын айтты.
Мұндағы күн тәртібіндегі негізгі мәселе өзге аудандардағыдай инфрақұрылым емес, жарықтандыру, коммуналдық қызметтердің сапалы орындалуы сынды мәселелерге ойысқан. Қазіргі таңда ауданда 404 көшенің 103-і жарықтандырылған. Ендігі кезекте ішкі орамдық 301 көше жарықтандыруды қажет етеді. Көпқабатты үйлердегі 400 ауланың тек 7-уіне ғана жарықтандыру жүргізу керек. Бұдан бөлек тұрғындар қауіпсіздігі үшін аудандағы 672 көпқабатты тұрғын үйдің кіреберістеріне бейнекамералар орнату мәселесі де өзекті. Бүгінде көпқабатты тұрғын үйлердегі 2183 кіреберістің 654-де бейнекамералар орнатылған.