«КҮНДІЗ – ТҮРКІСТАН, ТҮНДЕ – АУҒАНСТАН» ЕМЕС ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫ ҚАУІПСІЗ ҚАЛАҒА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

Түркістанда тәртіп түзеліп келеді. Бұған «Түркістан – қауіпсіз қала» жобасы оң әсерін тигізіп отыр.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1-қаңтарынан бастап рухани шаһарда «Түркістан – қауіпсіз қала» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Мақсат – айыппұл салу емес, қауіпсіздікті жандандыру. Түркістан қаласында көлік қозғалысы мен аулалардағы қауіпсіздікті бақылайтын 50-ге жуық «ақылды» бейнекамера орнатылған. Алдағы уақытта олардың санын көбейту жоспарланып отыр.
Түркістан қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері жыл басынан бері бірқатар құқықбұзушылықтардың жолын кесті. Тәртіпті жіті қадағалайтын полицейлер жол саласына қатысты 7 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаған. Ал, нөлдік төзімділік қағидаты бойынша жалпы – 1,5 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылған.
Кең көлемді шара барысында мас күйінде көлік басқарған 27 азамат анықталған. Олардың үстінен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша шара қолданылуда. Сот шешімімен олар кінәлі деп танылып, қамауға алынған. Ішімдік ішіп, көлік тізгініне отырғандар 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады.
Тәртіпті күшейту мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков «Қауіпсіз қала» шарасына облыстық Полиция департаментінің қала, аудан, басқарма, бөлімдері мен жол полициясы қызметкерлерінен жалпы 100-ге жуық полиция қызметкері мен бес автоэкипаж бөлді. Олар қала көлемінде қоғамдық тәртіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу және оны болдырмауға күш салуда.