ЕҢ ТӨМЕН АЙЛЫҚ ТҮРКІСТАНДА ТІРКЕЛГЕН
2020 жылтың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша қазақстандықтардың орташа жалақысы 233,1 мың теңгеге жетті. Ал 2019 жылдың осы кезеңінде отандастарымыздың орташа айлығы 203,9 мың теңгені құраған.
Өңірлер бойынша ең жоғары жалақы Атырау облысында тіркелген. Мұнайлы өлке тұрғындарының бір айлық табысы 377 мың теңгеден асады. Одан кейінгі орында Нұр-Сұлтан қаласы мен (349,6 мың теңге) мен Маңғыстау облысы (337,7 мың теңге) тұр. Тұрғындарының айлық еңбекақысы ең жоғары бойынша бестікті 229,1 мың теңгемен Қарағанды және 213 мың теңгемен Шығыс Қазақстан облысы түйіндеп отыр.
Ең төменгі орташа айлық Түркістан облысында тіркелген. Мұнда жергілікті халықтың айлығы 166,7 мың теңгеге тең. Ал Жамбыл облысы Түркістаннан бір саты жоғары түр. Әулиеата өңірі тұрғындарының бір айлық табысы 168,8 мың теңге. Солтүстік Қазақстанда да көрсеткіш төмен. Мұндағы тұрғындар 168,9 мың теңгені қанағат тұтады.
«Капитал.кз» жазған деректерде қандай салаларда ең жоғары жалақы төленетіні көрсетілген. Нәтижесінде тау-кен саласы бойынша ең жоғары еңбекақы 472,3 мың теңге екені белгілі болған. Одан кейінгі орынға 422,6 мың теңгемен қаржы және сақтандыру саласы жайғасады. Кәсіби, ғылыми және техникалық салалардағы табыс көзі 379,9 мың теңге болса, ақпарат және байланыста жүргендерге 318,6 мың теңгенің көлеміндегі еңбекақы тағайындалады. Ал ең төменгі жалақы сумен қамту және ауыл шаруашылығы мамандарына тиесілі екен. Олар айына орта есеппен 145,7 мың, 147,7 мың теңге жалақы алады.
Десе де, елімізде ұстаздар мен дәрігерлердің де еңбекақысы қазақстандықтардың орташа жалақысынан бірнеше есе төмен. Мәселен, 2020 жылдың төртінші тоқсанында білім беру саласында еңбек ететіндердің орташа айлық көлемі 176,5 мың теңге, ал денсаулық сақтау саласы мамандарының ай сайынғы табысы 197,4 мың теңге болып белгіленген.