ЖАМАҒАТҚА ЖҰМА НАМАЗДЫ МЕШІТТЕ ОРЫНДАУ РҰҚСАТ ЕТІЛДІ
Осы аптада Түркістан облысының шалғай ауылдарындағы мешіттерде жамағатпен орындалатын жұма намаз оқылады.
Бірақ апталық ғибадатты орындауға жиналған жұрт сақтық шараларына мән беріп, әлеуметтік арақашықтықты сақтауы қажет. Соған сәйкес 100 адамның сәждеге басын қоюға лайықталған мешіттердің іші 25-30 пайыз ғана толуы шарт.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас имамы Еркебұлан Қарақұлов айтты.
Сонымен қатар ол, намаз оқитын ғимаратты залалсыздандыру іс-шараларын жүргізу қажеттігіне мән беру керектігін атап өтті. Парыз намазының өтелуінен кейін жамағат көп ұзамай мешітті босатуға асыққаны жөн екенін ескертті.
Баспасөз жиынында өңірдің бас имамы облыстық, қалалық деңгейдегі және аудан орталықтарындағы мешіттерде жұма намазын оқуға рұқсат берілмейтінін атап өтті. Және өңірдегі эпидахуал жағдайын ушықтырмас үшін жаназа рәсімінен соң ас беруді уақытша доғара тұруды сұранды. Ол қаза ауыр екенін, десе де сабыр сақтаудың маңызы зор екенін айтты.
Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы 750 мешіт бар. Ғибадат үйлерінде 1000-ға жуық дін өкілдері жұмыс істейді.