КОМИССИЯ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН АҚТАУДЫ ҚОЛҒА АЛАДЫ
Еліміздің барлық аумағында әкімдік жанынан саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия құрылуда. Шымкентте аталған комиссияның алғашқы отырысы өткізілді.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді. Күн тәртібінде комиссия құрамы нақтыланып, жұмыс жоспары бекітілді. Комиссия құрамының қатарында басқарма басшылары, ғалымдар, тарихшылар және қоғам белсенділері бар. Алдағы уақытта жұмысшы топтары құрылып, архивтер мен жергілікті мұрағаттар зерттелетін болды.
Жиынды жүргізген қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан:
– Тәуелсіздік жылдардан бастап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау шаралары жүргізілді. Дегенмен де ақталмаған құрбандар туралы статистика әлі де нақтылауды қажет етеді. Әлі де ашылмаған озбырлықтың зардабы көп болуы мүмкін. Боздақтарды ақтап алуға барлығыңыздың жауапкершілікпен қарауыңызды сұраймын, — деді.
Отырыста ұсыныстар мен ой-пікірлер айтылды. Сондай-ақ, зұлмат жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, ақталмаған туыстары бар азаматтардың Шымкент қаласы әкімдігіне хабарласуы қажеттігі ескертілді.
Жиында сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов:
– Біздің қолымыздағы архивтерде зардап шеккен боздақтардың сырт қалып кетуі мүмкін. Егемен ел болғанымызбен, қазақ елінің тарихы толыққанды жарияланған жоқ. ТМД бойынша Украина мен Қазақстаннан басқа зардап шеккен ел жоқ. Шындықты айтатын уақыт келді,- деді.