ҚОЛЫНАН ІС КЕЛЕТІНДЕР МҮМКІНДІК ІЗДЕЙДІ

Шымкентте кейбір кәсіпкерлер тойханасын
сауда орталығына айналдырды

 

Шымкентте пандемияға байланысты қабылданған карантиндік шектеулерге орай көптеген тойханалардың қызметі уақытша тоқтатылғаны белгілі.

Эпидахуалды уыстан шығармау үшін қолға алынған бұл шараларға той бизнесінің қазанында қайнап жүрген бірқатар кәсіп иелері біраз наразылығын білдірген. Бірақ олардың негізгі табыс көзі болып саналған тойханада тойлардың өтуіне рұқсат беру туралы талаптары қолдау тапқан жоқ. Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау саласының мамандары қазір той тойлайтын емес, саулықты ойлайтын уақыт екенін айтып, көп адам шоғырланатын жиындарды ұмыта тұруды сұранып келеді.
Осыған сәйкес бірқатар тойхана иелері «төтеннен келіп, қалыпты өмірімізге көп өзгеріс енгізген коронавирус кеселі бизнесімізге кері әсер етті» деп тауынан шағылса, енді бірі тығырықтан шығар жол табуды ойлады.
Дағдарыс жағдайынан шығудың тиімді жолын тапқан кейбір тойхана басшылары жоқтан бар жасап, жанама кәсіппен анналысуға әрекет етуді бастады.
Мәселен, Шымкент қаласы, Абай ауданындағы Сыпырған ата көшесінде орналасқан «Қожа» тойханасының иесі өз иелігіндегі ғимаратты кілем сату орталығына айналдырды. Оның иесі кәсіпкер Надрбек Икрамов «Қазіргі таңда орталығымызда отандық өніммен бірге Туркия, Иран және Өзбекстан елдерінен әкелінген 300-ге жуық кілем бар. Алдағы уақытта кілем саудасын 2 есеге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз»,-деді. Сонымен бірге, ауданның «Қызылжар» шағын ауданында орналасқан «Арман» тойханасы да енді тігін цехы ретінде жұмысын жүргізуде. Кәсіпкер Серік Әйтілеу де дағдарыс жағдайынан шығу мақсатында ғимараттың ішінен балаларға арналған киім тігетін цех ашып, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ол «Тігін цехында тәулігіне 300 дана балалар киімі тігіледі. Бүгінде дайын өнімдер қаладағы киім сататын дүкендерге жеткізілуде. Сонымен қатар, алдағы уақытта қосымша жұмыс орнын ашып, тәулігіне 500-600 дана киім тігуді жоспарлап отырмыз»,- дейді.
Жалпы тойхана иелерінің той өткізу тоқтап тұр деп құр отырмай, олардың даңғазадай ғимараттарын өзге де игі мақсатқа пайдаланып, жанама кәсіппен айналысуы туралы ұтырлы ұсынысты қала басшысы Мұрат Әйтенов айтқан болатын. Әкімнің сөзін қостап, одан нәтиже шығарғандар «Жұмыс істегісі келген адам мүмкіндік іздесе, оны қаламаған адам сылтау іздейді» деген сөзді еске түсіреді екен.