10 МЫҢ ГЕКТАРҒА ЖУЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖЕРІ ИГЕРІЛМЕГЕН

Осы күнге дейін талай мінберлерде Шымкенттің 63 мың гектарға жуық егістік жері бар екені туралы ақпарат айтылып келді. Ал егістік алқабының барлық аумағы мақсатты игеріліп келеді ме?

Былтыр Шымкентте ауыл шаруашылық бағытындағы 62 608 гектар жерге түгендеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 10 мың гектарға жуық жердің игерілмегені анықталған. Соған сәйкес қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы ен байлықты ел игілігіне жаратпай жүргендерге шара қолданатын болады.
Жалпы мұндай олқылық болмас үшін қалада жерлер туралы толық мәліметтерді қамтитын арнайы геопортал құрылмақшы. Геопорталда барлық картографиялық деректер жиналып, оған қаланың Бас жоспарының жобалары орналастырылады.
Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысы Берік Әшірбеков «Картаға қаланың әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымдарының әр объектісі туралы мәлімет енгізіледі. Нәтижесінде заңсыз құрылыс пен жер иелену фактілері түбегейлі жойылады. Сонымен қатар, геоақпаратты автоматтандыру жер қатынасы саласында сыбайлас жемқорлықты болдырмайды»,-дейді. Ол геопортал осы саладағы барлық мемлекеттік ақпараттық ресурстарды біріктіретінін алға тартады. Нәтижесінде құрылыс индустриясының қызметкерлері, геодезистер, топографтар, энергетиктер, мелиораторлар және қала тұрғындары қаладағы кез-келген нысанның сипаттамасын портал арқылы алатын болады.
Геопортал іске қосылғаннан кейін аэрокосмотүсірілімдер арқылы ауыл шаруашылық бағытындағы жерлерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі.
Бұдан бөлек, қаланың даму жоспарына сәйкес сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тарапынан 48 нысанның құрылысы үшін 3612 жер телімін мемлекетке қайтару жоспарланып отыр.
Өткен жылы жерлерді мемлекетке қайтаруға 3,7 млрд. теңге қаржы жұмсалса, биыл бұл бағыт үшін 11,7 млрд. теңге бөлінеді деп күтілуде. Қайтарылған жерлерге магистралдық және ішкі инженерлік жүйелерді құру қолға алынып, жол түсіп, мектеп пен өзге де маңызды нысандар бой көтереді.