ЖАҢА ТЕАТРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚОЙЫЛЫМЫ КӨКТЕМДЕ ӨТЕДІ

Түркістан қаласында жаңадан салынған сазды-драма театр ұжымы қойылымның құнын, сахнаның сырын білетін кәсіби мамандардан құралған.

Олардың ішінде Азамат Сатыбалды, Хамит Шаңғалиев, Данияр Базарқұлов, Әсем Шарифуллина, Әйгерім Бозщина сынды елімізге белгілі өнер жұлдыздары бар. Жуырда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мекеменің шығармашылық құрамымен кездесіп, пікірлесті.
Кездесуде театрдың сахна саңлақтарының басын қосқан қара шаңыраққа айналатыны айтылды. Сол үшін де алдағы уақытта театрдың актерлік құрамы әлі толыға түспек. Бұл мақсатта 1-ақпаннан бастап кастинг жарияланып, жаңа театрдың әртістік құрамы жасақталады. Өз кезегінде театрдың шығармашылық ұжымы жаңа өнер ордасының техникалық мүмкіндігін пайдаланып, көрерменге теңдесі жоқ дүниелерді ұсынуға мүмкіндіктің мол екенін атап өтті.
Алдағы көктемде Түркістан қаласында өткізу жоспарланып отырған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммиті аясында театрдың тұңғыш тұсаукесер қойылымын көрерменге ұсыну жоспарланған. Жиын соңында Өмірзақ Естайұлы киелі шаһарға келіп, қазақ театры өнерінің дамуына үлесін қосқан өнер иелеріне сәттілік тіледі.
Сонымен қатар осы жиында қаладағы Р. Сейтметов атындағы қалалық сазды-драма театрының ғимараты биыл күрделі жөндеуден өткізілетіні хабарланды. Театр жанындағы жатақхана да қалалық әкімдік есебінен толық жөнделеді. Ол жерде 132 өнер иелері еңбек етіп келеді. Талай өнер адамдарының ыстық ұясына айналған 20 жылдық тарихы бар қара шаңырақ ғимараты 1938-жылы салынып, теміржол мекемесінің киноклубы ретінде жұмыс істеген. Кейіннен қайта күрделі жөндеуден өтіп, 2000 жылы театр ретінде есігін айқара ашқан.