ЖИНАҚТЫҢ ЖЕТКІЛІКТІ ШЕГІ ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЛЕДІ?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін зейнетақы жарналарын тұрақты және толық көлемде аудару есебінен ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын және болашақта ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем болмайтын зейнетақы төлемдерін алуға мүмкіндік беретін жинақты қалыптастыра алған салымшылар пайдалана алады.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес «зейнетақы жинақтарының ең аз жеткіліктілік шегі» салымшының зейнетақы жинақтарының нақты сомасын, сондай-ақ, оның болашақ зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысын қамтиды. Бұл зейнетақы жасына жеткен кезде оған ең аз зейнетақыдан кем емес зейнетақы табысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте болашақ жарналардың ең төменгі жалақы мөлшерінен төмен емес табыстан аударылатыны есепке алынды. Егер кірістер жоғары болса, онда ең төменгі жеткіліктілік шегі тезірек қалыптасады, ал зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі төлемдер ең төменгі зейнетақыдан көп болады.
Жеткіліктілік шегін есептеуге арналған әдістеме мен өлшемдер Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен айқындалады және әрбір жас үшін жеке есептеледі.