ҚОР ҚАРЖЫСЫНЫҢ БІР БӨЛІГІН АЛУДЫҢ БАСТЫ ШАРТЫ
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін емделуге және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға ақы төлеу үшін, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалануға құқықтары бар.
БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар төмендегі адамдар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өзінің, жұбайының (зайыбының) жақын туыстарының тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында және (немесе) өздері немесе жұбайы (зайыбы) не жақын туыстары үшін емделу ақысын төлеу үшін пайдалану құқығын қолдана алады. Ол үшін қандай шарттар бар?
Ең әуелі олардың зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинағының белгіленген ең аз жеткіліктілік шегінен асуы керек.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен, өздерінің зейнетақы жинақтарын тексеріп, БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында алуға болатын соманың бар екеніне көз жеткізулері тиіс.
БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын тексергеннен кейін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалану туралы шешім қабылдаған салымшылар арнайы шот ашу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, біржолғы зейнетақы төлеміне өтініш беру үшін уәкілетті оператордың интернет порталы арқылы уәкілетті операторға жүгінулері тиіс.