СІЗДІҢ ДЕПУТАТЫҢЫЗ КІМ?
Тұрғындар партиялық тізім бойынша сайланғандардан өз депутатын қалай біледі?
Кешегі аптада Шымкент қалалық мәслихатының жаңа құрамы жасақталды. Жетінші шақырылған Шымкент қалалық мәслихатында үш партия өкілінен сайланған 30 депутаттың өз жұмысына кіріскеніне міне бір апта асты. Бұл жолғы сайлауда тұрғындар бұрынғыдай белгілі бір депутатқа емес, партияға дауыс беріп, соған сәйкес мәслихат депутаттары партиялық тізім бойынша сайланғаны белгілі. Осы ретте тұрғындар арасында «Біздің депутатымыз кім? Оларға өтініш-тілектерімізді қалай айтамыз?» деген заңды сұрақ туындайтыны анық. Расымен де, халық өз тілектерін, шағымдарын депутаттарға жеткізу үшін кімге, қай жерге хабарласып, қайда баруы тиіс? Дәл осы мәселе бойынша біз Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетовке сұрақ жолдаған едік.
Жолданған сұраққа Бахадыр Мәделіұлы «Тұрғындармен тығыз байланыс орнату үшін әрбір депутатқа белгілі бір аумақтар бөліп берілді.Соған сәйкес олар сол шағын аудандарда, елді мекендерде халықпен кездесулер ұйымдастырып, олардың өтініштерін тыңдайды. Мәселелерін шешу бағытында тиісті мекемелерге депутаттық сауалдарын жолдайды. Депутаттар аптаның белгілі бір күндеріне белгіленген қабылдау күндерінде де азаматтарды қабылдайды. Мәслихаттағы 30 депутатқа бекітіліп берілген аумақтар, қабылдау күндері мен қоңырау шалу үшін байланыс телефондар, мекенжайлар туралы мәліметтердің барлығы бірер күнде Шымкент қалалық мәслихатының ресми сайтына түгел жарияланады. Сол арқылы халық өзі тұратын аумаққа бекітілген депутатын біліп, онымен байланыса алады»,- деп жауап берді.
Сонымен қатар Бахадыр Нарымбетов «Бұл шақырылымда мәслихаттың жұмысындағы басты өзгерістер туралы не айтасыз?» деген сұрағымызға «Жаңадан сайланған мәслихат депутаттарының құрамында жаңашылдық көп. Ең әуелі депутаттар мәслихатқа партиялық тізім бойынша өтті. Сайлауалды үгіт-насихат кезінде депутаттыққа үміткерлер халыққа өзінің емес, партияның бағдарламасын алға тартып, оның бағыттарын түсіндіруге жұмыс істеді. Бұл сайлауда дауыс берушілердің басым көпшілігінің таңдауы Nur Otan партиясы болды.
Бұл партияның бес жылға бағдарланған сайлауалды бағдарламасының халықтың ұсыныс-пікірлеріне негізделе отырып жасалғанымен байланысты деп білемін. Өйткені біз праймериз кезінде халықтың ұсыныс-тілектерін назарға ала отырып, оны шешуге бастайтын бағыттарды бағдарламаға енгіздік. Сол бағдарлама негізінде орындалатын жұмыстарды біз бес жылға бөліп отырмыз. Яғни, жүйелі жоспарымыз бар. Сол жоспар бойынша әр басқармаға тиісті жұмыстардың тез әрі тыңғылықты орындалуын талап етеміз»,- деді.
Айта кетейік, жетінші шақырылған Шымкент қалалық мәслихаты 90 пайызға жаңарып отыр. Алтыншы шақырылымдағы 4 депутат қана қайта сайланған. Бұл жолғы мәслихатқа 8 әйел азамат, 29 жасқа толмаған 4 жас бар. Бұған дейінгі мәслихат құрамының орташа жас мөлшері 54 болса, жетінші шақырылымдағы орташа жасы 42 болып, бір мүшелге жасарып отыр.
С.НҰРАЙ.